Birkenstock акциялары тоқсандық есептен кейін қымбаттай түсті

Жарияланды
Birkenstock-тың кірісі мен пайдасы сарапшылар күткеннен көбірек боп шықты / Фото: Birkenstock

Аяқ киім өндіретін Birkenstock компаниясының қағаздарының бағасы тоқсандық есеп жарияланғаннан кейін 14%-дан аса, тарихи максимумға дейін өсті. Компанияның кірісі мен пайдасы туралы есебі бұған дейінгі топшылаудан әлдеқайда жоғары боп шықты және ағымдағы жылға қатысты болжам жақсара түсті. Қазір бірде-бір сарапшы аяқ киімі өткен жылдың ең табысты «Барби» фильмінде көрініс тапқан Birkenstock акциясын сатуды жөн санамайды.

Толығырақ

Бейсенбі күні Birkenstock акциясы бір мезетте 14,7%-ға қымбаттады. Оның құны 57,36 долларға жетті. Бұл – өткен жылдың қазан айында ғана акциясын сатылымға шығарған компания үшін жаңа рекорд. Нью-Йоркте түстен кейін қағаздар аздап күш жоғалтты және жарияланған мезетте жоғарылап, 12%-ға, 56 доллардан саудаланды.

Есеп пен болжам

Компанияның өз есебі бойынша, 31 наурызда аяқталған 2024 қаржы жылының екінші тоқсанында Birkenstock-тың кірісі 21,6%-ға өсіп, 481,2 млн еуроға (520,23 млн долларға) дейін жетті. Ал LSEG сауалнамасына қатысқан сарапшылар 466,1 млн еуро табыс түседі деп күткен дейді Reuters. Бір акцияға шаққандағы түзетілген пайда 0,41 еуроны құрап, алдын ала болжанған 0,36 еуродан асып түсті. Дегенмен Birkenstock-тың EBITDA тоқсандық түзетілген маржасы 470 базистік пунктке, 33,7%-ға дейін төмендеген. Оған компанияның жаһандық кеңею және өндіріске инвестиция салу жоспары әсер етті дейді Reuters.

Есепте Birkenstock жылдық кіріс пен негізгі пайдасы туралы болжамын жоғарылатты. Компания 2024 қаржы жылындағы табыс диапазоны 1,77 млрд еуродан 1,78 млрд еуроға дейінгі аралықта болады деп отыр. Бұған дейінгі болжамында компания 1,74 млрд еуродан 1,76 млрд еуроға дейінгі санды атаған болатын.

Birkenstock пайызды, салықты, тозуды және амортизацияны шегергенге дейінгі жылдық түзетілген пайда (EBITDA) 535-тен 545 млн еуроға дейін жетеді деп болжайды. Ал бұрын 520-530 млн еуро болады деп күткен еді.

Инвесторлардың қызығушылығын оятқан не нәрсе?

Birkenstock көтерме саудагерлер жалпы аяқ киімге сұраныс төмен болғандықтан, тауар қорын азайту тенденциясы белең алғанына қарамастан, брендтің танымал үлгілерін әлі де сатып алып жатқанын хабарлады.

«Барбидің» танымалдығы бәсеңдейді деген қауіп болғанмен, бренд әлі де инфлюенсерлердің фавориті болып қалуда. Сандалдар тұтынушылар қалайтын негізгі тізімнен түскен жоқ және осы сұраныс сатылымды өсірді», – деді Hargreaves Lansdown қаржы және нарық бөлімінің басшысы Сюзанна Стритер Reuters агенттігіне.

Аяқ киім өндіруші неміс компаниясы жоғары сұранысқа ие. Табаны тығынмен нығыздалған, тұмсығы жабық сандал үлгілерін «толық бағамен» сататынына сеніп отыр. Компания өнімін көтерме дүкендердегі орташа бағадан қымбатырақ сататын өз дүкендерін кеңейтуде. Бұл 2024 қаржы жылының екінші тоқсанында тұтынушыларға тікелей сатудан түскен кірісті 30%-дан аса арттыруға мүмкіндік берді. Ал көтерме саудадағы кірісі 19,2%-ға өсті.

«Инвесторлар осы тікелей сатылымның кеңейіп жатқанына мән беріп отыр. Егер осы шара сәтті жүзеге асса, бұл көтерме сауданың кесірінен бизнестің құбылуын бәсеңдетеді. Олар брендті бұрынғыдан гөрі өз бақылауында мықтап ұстай алады», – деді Tema ETF-тің портфельдік менеджері Хавьер Гонсалес Ластра.

Акцияның жайы

Birkenstock сандалдары өткен жылы ең табысты болған «Барби» фильмінде көзге түсті. Компания фильмнің танымалдығын пайдаланып, қазан айында қағаздарын биржаға орналастырды. Содан бері акциялар 25%-ға (30 мамырдағы рекордты бағаға дейін) өсті.

MarketWatch-тің мәліметтері бойынша, компанияның акцияларын қадағалап отырған 17 сарапшының 11-і оларды сатып алуға кеңес береді (10 Buy ұпайы және 1 Overweight бар), алты сарапшы бұған дейін сатып алған қағаздарды портфельде ұстауға кеңес береді. Birkenstock акциясын сату жөнінде ешқандай ұсыныс түскен жоқ.

Сондай-ақ оқыңыз