E-commerce нарығы қарқынды өсіп келе жатқандықтан, онлайн-дүкендердің сату үлесі азайып келеді. Сатып алушылар агрегаторларды көбірек таңдайды. Маркетплейстер көлемін қалай арттырып жатыр және қазақстандықтар көбінесе олардан не сатып алады? «Курсив» материалынан оқыңыз.
Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша, Қазақстанда электронды коммерция нарығы (бөлшек сауда бойынша) бір жылда 24,3%-ға өсіп, 2,44 трлн теңгеге жетті. PwC Kazakhstan консалтинг агенттігі Цифрлы Қазақстан қауымдастығымен бірлесіп жүргізген жылдық талдауында нарықты одан сәл азырақ – 2,418 трлн теңге деп бағалайды. ҰСБ мен PwC-тің зерттеу дерегі бірінші рет теңесіп тұр. Бірақ жылдық өсімді олар әртүрлі бағалайды – PwC Kazakhstan зерттеуі бойынша 2023 жылы e-com өсімі 79% болды (бұл айырмашылық мынадан туды: PwC Kazakhstan ұсынған есепте 2022 жылғы электронды коммерция нарығының ақшалай мәндегі көлемі ҰСБ ұсынған деректен әлдеқайда төмен болды).
Алыптардың тартысы
Маркетплейстер елдегі e-commerce секторының өсуінің басты драйвері болып отыр. PwC Kazakhstan деректері бойынша өткен жылы олардың нарықтағы үлесі тағы 6%-ға артып, 89%-ға жетті. Абсолютті мәнде маркетплейстегі сату көлемі екі есеге жуық өскен (алдыңғы жылдан 92%-ға артқан). Ал агрегаторлар арқылы сатылым саны 126 пайызға көбейді.
Шетелдік онлайн-алаңдар өз позициясын жергілікті ойыншыларға қарағанда әлдеқайда тез нығайтты. Ақшалай мәнде олар 3,7 есе, ал тапсырыс саны жөнінен 2,6 есеге артса, ал жергілікті маркетплейстер ақшалай 1,7 есе, ал тапсырыс түрінде екі есе өскен.
«Өткен жыл біз үшін, шынымен, жемісті болды. Оған біздің орасан нәтижеміз дәлел бола алады – «Ozon Қазақстан»-ның айналымы жылдан-жылға бес есе өскенін көрсетті. Оған қоса, біз клиенттік базамызды алты еседен аса ұлғайттық. Бұл тапсырыстар санына да әсер етті: көрсеткіш 16 есе артты, – деді «Ozon Қазақстан»-ның Бас директоры Мөлдір Рысалиева «Курсивке».
Өткен жылы ойыншылар көлік және логистикалық желілерді дамытуға белсенді түрде инвестиция салды. Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша, «Көлік және қойма» бағыты бойынша негізгі капиталға 2023 жылы 2,5 трлн теңге инвестиция салынған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 59%-ға артық. Бұл қаражаттың жартысы – компаниялардың жеке қаражаты. Инвестициялардың жалпы көлеміндегі жекеменшік үлес бір жыл ішінде 10,5-тен 14%-ға дейін өскен.
Тапсырыстарды беру пунктері
Тапсырыстарды беру пунктерінің (ТБП) саны бойынша ресейлік Ozon көш басына шықты. Ол 2023 жылы Қазақстанда өз франчайзилерін қаржылай қолдау жөніндегі бағдарламаны іске қосты. ТБП ашқан кезде кәсіпкер 780 мың рубльге дейін (Ұлттық банктің бағамы бойынша теңге түрінде) бір реттік төлем ала алады. Бүгінгі таңда Қазақстан бойынша Ozon-ның 1300-ден астам пункті бар. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 27 есеге артық.
«Осындай нәтижеге қол жеткізу үшін біз желіні «соңғы мильге» дейін дамытуға көп инвестиция салдық. Өткен жылдың өзінде Ozon франшизасы бойынша тапсырыс беру пунктін ашқан кәсіпкерлерді қолдауға 1,136 млрд теңгеден астам қаражат жұмсадық», – дейді Рысалиева.
Қазақстандық франчайзилерді қолдау жөніндегі бағдарламаны 2023 жылы тағы бір ресейлік маркетплейс – Wildberries те іске қосты. Жергілікті кәсіпкерлер маңызы жоғары орында ТБП ашса, 120-дан 320 мың рубльге дейін (Ұлттық банктің бағамы бойынша теңге түрінде) бір реттік төлем ала алады. 2022 жылдан 2023 жылға дейін Қазақстанда Wildberries серіктестері ашқан ТБП саны сегіз еседен аса – 42-ден 348 пунктке дейін өсті. 2024 жылғы ақпандағы дерек бойынша Қазақстанда осы маркетплейске тиесілі 944 ТБП бар. Өткен жылдың қорытындысы бойынша оларға түскен тапсырыс көлемі 3,3 есе артқан.
Halyk Market «жаңа нарыққа шығуда басым стратегия ұстанатын және бәсекеге қабілетті бірегей тауарлар қоры бар» халықаралық маркетплейстердің өсімі бәрінен үлкен екенімен келіседі. «Сонымен қатар, онлайн-дүкендерден гөрі жергілікті маркетплейстердің сату көлемі айтарлықтай артқанын және жалпы бөлшек сауда көлемінде электронды коммерция үлесінің ұлғайғанын атап өту қажет (2023 жылдың қорытындысы бойынша ол 12,7% болды, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 0,2%-ға жоғары. – «Курсив»). Жергілікті маркетплейстер лайықты өсім көрсетіп отыр және банк өнімдерімен синергия жасау есебінен әлі де үлкен үлеске ие, – деп санайды Halyk Market-тің баспасөз қызметі. Бұл қазақстандық ойыншы қазіргі таңда өзінің тауар ассортиментін байытуға айрықша көңіл бөлуге ниетті.
Өз сайтым маған қымбат, бірақ сату одан да маңыздырақ
Онлайн-дүкендердегі сауда өсімі аса үлкен емес, ол (PwC Kazakhstan деректері бойынша) 15%-ды көрсетіп отыр. Ал сатып алу саны 2022 жылмен салыстырғанда 46%-ға азайған. Егер осы сегменттегі жергілікті ойыншыларға келсек, олардың сату көлемі бір жыл ішінде 12%-ға, ал тапсырыс саны 53%-ға төмендеген. Ұлттық статистика бюросының нарықты талдауына сәйкес, жалпы бөлшек электронды сауда көлемінде жекеменшік интернет-ресурстардың үлесі 2023 жылы 27% болды. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 43% болатын. Жеке интернет-алаңдардағы тапсырыс саны екі есеге – 25,5 млн-нан 13 млн-ға дейін азайған. Слндай-ақ шағын кәсіпорындардың сатылымы едәуір қысқарған (–68,8%). Бұл олардың жеке сайттағы сатылымы маркетплейске қарай ойысқанын көрсетуі мүмкін.
Ірі ойыншылардың жеке интернет-ресурсындағы тапсырыстар да төмендеді (жылына –46%). Алайда «Курсивке» сұхбат берген жеке ойыншылар бұл тенденцияны растамады. Мысалы, Evrika тұрмыстық техника және электроника дүкендерінің желісі 2023 жылдың қорытындысы бойынша олардың интернет-дүкені өткен жылмен салыстырғанда 15%-ға көбірек тапсырыс орындағанын хабарлады. Компанияның жеке сайтындағы сауда-саттықты ұстап тұру үшін эксклюзивті акциялар мен тұтынушыларды онлайн қолдау оң әсер етеді.
«Интернет-дүкендер адалдық бағдарламасы, түрлі бонустар, тапсырысты өңдеу және жеткізу жылдамдығы арқылы тұрақты тұтынушыларын сақтап қалуға және жаңа сатып алушыларды қызықтыруға ұмтылады. Әрине, біз де осы құралдарды да қолданамыз», – деді «Эврика компаниясы» ЖШС-нің операциялық директоры Дулат Мейірбаев.
Sulpak e-com саласында сатылымдары өсіп келе жатқанын айтты. Бірақ нақты санды атаған жоқ, тек жалпы тенденцияларды ғана тілге тиек етті. Компаниялар сауда-саттық интернет-дүкендерден маркетплейстерге ойысуы мүмкін екенін ескереді. Дегенмен өз тауарын маркетплейстерге шығармай тұра алмайды. Өйткені бұл үлкен сату арнасы, оны елемеуге болмайды. «Біз тауарымызды әртүрлі маркетплейске белсенді түрде шығарамыз. Оның үстіне тұтынушыларымызды шектегіміз келмейді. Оларға өзіне ыңғайлы жерден сатып алуға мүмкіндік бергіміз келеді», – деді Evrika.
Бөліп төлеу көбейіп келеді
2023 жылы белең алған тағы бір тренд – бөліп төлеу немесе несие арқылы сатып алудың көбеюі. BNPL (buy now, pay later, «қазір сатып ал, ақысын кейін төле») қаржы құралдары соңғы 12 айда электронды коммерцияның қарқынды өсуіне ықпал етті.
«Өткен жылы тұтынушылардың мінез-құлқында айтарлықтай өзгеріс байқалды. Тапсырысты кері қайтару азайып, бөліп төлеу немесе несие арқылы сатып алу артты. Маркетплейстер ұзақ мерзімді бөліп төлеу акцияларын белсенді іске қоса бастады. Бұл онлайн-сатып алудың өсуіне ықпал етті», – деген пікір айтты Дулат Мейірбаев.
Сатылымды арттыру мақсатында Ozon 2023 жылдың қараша айында қазақстандық сатып алушылар үшін бағасы 10 мың теңгеден 2 млн теңгеге дейінгі тауарларға бөліп төлеуді іске қосты. «Осы қаржы құралдарын іске қосқалы бері сайтымызда осындай тапсырыстардың орташа чегі 10 еседен аса ұлғайды. Оның үстіне, тауарды бөліп төлеу немесе несие арқылы сатып алу – көбінесе жаңа сатып алушыларды біздің маркетплейске тартатын шешуші фактор болды», – деді Мөлдір Рысалиева.
Оның болжауынша, тауардың құнын бөлшектеп төлеу электронды коммерция секторында барған сайын танымал бола түседі.
Қазақстандықтар қандай заттарды онлайн сатып алады?
Бөліп төлеу және несие арқылы қымбат тауарларды сатып алуға мүмкіндік туса да, соған қатысты жылдық орташа чек көлемі кеміді. PwC Kazakhstan деректері бойынша транзакция саны бір жылда 84%-ға өсті. Бірақ орташа чек 2,6%-ға төмендеп, 26,8 мың теңге болды.
«Қазақстанның электронды коммерция нарығында орташа чектің төмендеуі айқын байқалады. Бұл онлайн-сатып алуға қатысты сұраныс құрылымындағы өзгерістен көрінді. 2023 жылындағы ең маңызды өзгеріс – сұлулық пен денсаулық, үй тауарлары сияқты санаттар бойынша офлайндағы сұраныс онлайнға ауысқан», – дейді Halyk Market.
Бұл маркетплейстегі ең танымал және тез көбейіп келе жатқан тауарлар ретінде телефон мен гаджет, компьютер, тұрмыстық техника және құрылыс пен жөндеуге арналған заттар аталды. Ал Wildberries-тегі топ-ондыққа интерьер гирляндалары, кремдер, телефон қораптары, кітап, футболка, көйлек, шұлық, іш киім, пижама мен иіссу кірді. 2023 жылы Ozon.kz-те шағын тұрмыстық техника, авто және мото бөлшектері, азық-түлік, ас үйге арналған тауарлар, сонымен қатар үйге арналған мақта-мата жабдықтары ең көп сұранысқа ие болды. Сұранысы жоғары топ-10 санаттар тізіміне: киім, электроника, балалар ойыншығы, косметика және жөндеу мен құрылысқа арналған өнімдер кірді. «Алдағы жылдары белең алатын тенденцияларға келетін болсақ, маркетплейстерде тауарлардың жаңа санаттары көбейе түсетіні анық. Мысалы, көлік құралдары немесе азық-түлік», – деп қорытты сөзін Мөлдір Рысалиева.