«Одақтас, ұрандас елдердің қамқоры…»: Қазақстандағы 1920−1980 жылдардағы қуғын-сүргін хроникасы

Жарияланды
Самохвалов А. Киров дене шынықтырушылар шеруін қабылдауда. 1935 жыл/Wikimedia Commons

Кеңес Одағында болған қуғын-сүргінді әдетте Иосиф Сталиннің есімімен ғана байланысты дейді, алайда мұндай пайым ақиқатқа қайшы. Елде орнаған билік режимі о бастан репрессияға арқа сүйеген. Қазақстандағы 60 жылға созылған қуғын сүргін жайлы профессор Зәуреш Сақтағанованың материалын ұсынамыз.

Профессор бұл мақаласында халық бастан кешкен қуғын-сүргіннің мәні мен механизмдерін айқындап, Қазақстан тарихының түрлі кезеңдерінде жүрген қудалау науқандарының ауқымын бағалауға тырысқан.

Репрессиялардың түп-тамыры

Кеңес мемлекетінде тоталитарлық жүйенің орнығу үрдісі мен жүйелі, жоспарлы әрі жаппай сипаттағы саяси репрессиялар қатар жүрді; олар бұрын-соңды болмаған ауқымда өрбіп, халықтың барлық топтарын қамтыған. Алайда қуғын-сүргінді тек Сталин саясатының ажырамас бөлігі деп түсіну ағаттық болар. Өйткені елдегі репрессиялар 20 ғасырдың 20 жылдардың аяғында Сталин билік тізгінін толықтай өз қолына алғанға дейін басталып, 1953 жылы қайтыс болғаннан кейін де тоқтамаған. Биліктің репрессиялық әрекеттерге иек артқан бағдарламасының идеологиялық ұйытқысы В.И.Лениннің «ақтардың әрекетіне жауап ретіндегі қызыл террор туралы» тезистерінен бастау алып, кейін И.Сталиннің социалистік қоғам қаңқасы нығайған сайын таптық күресті де күшейту керек деген теориясымен толыққан.

Қазақстандағы саяси қуғын-сүргін кезеңдері

2RHX9E5 Dolinka, Kazakhstan – August 17, 2023: Karlag Memorial Museum, located in the former headquarters building of the Soviet Gulag in Karaganda.

Қазақстандағы саяси қуғын-сүргінді 9 кезеңге бөлуге болады.

Бірінші кезең — репрессиялар большевиктер билікті басып алған бойда басталып (1917 жылдың қазанынан бастап 1920 жылдардың ортасына дейінгі кезең), ұлттық партиялардың («Алаш», «Шура-и-Исламие» т.б.) және ұлттық автономиялар үкіметтерінің («Алашорда», «Туркестани Мухториат») қызметімен байланысты ұлт зиялыларына қарсы жүргізілген. Солардың қатарында Ә. Бөкейхан, А. Байтұрсынұлы, М. Дулатов, Х. Досмұхамедов, Ж. Досмұхамедов және т.б. болған. Дәл осы кезеңде билік елге беделі жүрген ең білімді, саяси сауатты әрі қоғам өміріне белсене араласқан ұлттық интеллигенцияның элитасын қазақ қоғамынан оқшаулап, алыстатып, ықпалынан айырды. Бұл ретте репрессияға ұшыраған ұлттық элитаның барлық өкілдеріне «қоғамдық-саяси қудалау» механизмінің бірдей алгоритмі қолданылған. Ұлт зиялылары бастапқыда биліктен «шеттетілді», сөйтіп олар мәдениет — білім беру, ғылым саласына: университеттерге немесе ғылыми зерттеу институттарына, газет-журналдарға барып істеуге мәжбүр болды. Араға бірнеше жыл салып, оларды әлеуметтік ортадан оқшаулап, «ығыстырып шығаруға» (үй қамақ, қуғын-сүргін, түрме) қадам жасайтын. 1920 жылдардың ортасына қарай бұрын, яғни 20 ғасырдың басында тұтас қазақ қоғамына ықпалы жүріп тұрған ұлт зиялыларының «алғашқы» (революцияға дейінгі) буыны қоғамдық өмірден тыс қалды.

Репрессия механизмдері

Репрессияның барлық кезеңдеріне ортақ бірқатар ерекшелік болған. Қуғын-сүргіннің бастапқы кезеңінде қарқынды саяси-идеологиялық дайындық жүрген. Өйткені жүйе «қыспаққа алған» адамдар — қатардағы азаматтар емес, көбіне елге, аймаққа, өлкеге танымал, беделді тұлғалар болған. Репрессиялар тетігіне әдетте озық ойлы, бастамашыл, мінезді әрі жеке ұстанымын қорғауға қабілетті көрнекті тұлғалар ілігетін. Жазаға іліккелі жүрген тұлға неғұрлым әйгілі, көрнекті болса, оған соғұрлым қисынсыз, ақылға сыйымсыз айыптар тағылатын. Репрессиялардың жаңа кезеңі басталарда елде ірі қоғамдық-саяси немесе экономикалық іс-шараларды қолға алатын, бұл үрдіс керісінше де жүрген.

Репрессия кезеңдері мен механизмдері жайлы мақаланың толық нұсқасын Qalam сайтынан оқи аласыздар.

Сондай-ақ оқыңыз