Қолма-қол ақшасыз төлем дамып келеді: әрбір екінші төлем картасы пайдаланылмайды
Ұлттық банктің есебінше, банктер мен «Қазпочтаның» айналымдағы карточкаларының саны 76,6 млн жеткен. Биыл 4 айда қолданыстағы (кемі бір рет қолданылған) карталар саны 38,8 млн дана немесе шығарылған төлем карталарының 50,6%-ын құрап отыр.
Кеңінен таралған карта түрі – дебеттік карталар, олардың үлесі 80,5%, екінші орындағы кредиттік карталардың үлесі – 16,1%. Кредиттік лимиті бар дебеттік карталар мен алдын ала ақысы төленген карталардың үлесі 3,5%-ды құрайды.
2024 жылдың сәуір айында қазақстандық эмитенттердің төлем карталары арқылы жүргізген транзакция көлемі 14,4 трлн теңгеге жетіп, транзакция саны 1,1 млрд бірлікті құрады. Оның ішінде қолма-қол жасалмайтын транзакция саны 17,1% өсіп, 1,0 млрд құрады және көлемі 17,0% өсіп, 12,3 трлн тенге құрады. Төлем карталарын ұстаушылардың қолма-қол ақшаны алу операцияларының саны 20,4 млн бірлікті, көлемі 2,0 трлн теңгені құрады. 2023 жылдың осындай уақыт аралығымен салыстырғанда ақша шешу операцияларының саны 0,1%-ға артып, көлемі 8,6%-ға артты.
Өңірлерге «цифрлық алшақтық» тән
Өңірлік бөліністе қолма-қол ақшасыз төлемдер әлі де жоғары, «цифрлық алшақтық» сақталып тұр. Тиісінше, қолма-қол ақшасыз транзакциялардың үлесі аз аймақтарда өсу әлеуеті бар. Басты себептердің бірі шалғай өңірлерде – интернеттің толық жетпеуі. Ұлттық Банк дерегінше «цифрлық теңге» интернетке қосылмай-ақ төлем жасауға мүмкіндік бермек, бұл шалғай елдімекен тұрғындары үшін қолайлы болмақ.
QR төлем жүйесі Pos-терминалды басып озды
2024 жылдың 1 мамырында Қазақстанда QR төлем жүйесі арқылы Pos-терминалдан қарағанда, көп транзакция жасаған. 4 айда 914 млн транзакция QR кодқа тиесілі болса, тұтынушылар 770 млн рет Pos-терминал арқылы есеп айырысқан. Ал, номиналды көлем жағынан 4,5 трлн теңгемен – QR код, 4,7 трлн теңге көлемінде жүргізілген Pos-терминалмен теңесіп қалды.
Банктер түрлі бонус, қайтарым (cashback) және өзге де әдістер арқылы өз клиенттерінің QR арқылы төлем жүргізуге бағыттап жатыр. Сондай-ақ Ұлттық банк Open banking және Open API пилоттық жобасын сәтті аяқтағанын хабарлады. «Ашық банк» жүйесі «әртүрлі банк – бір төлем жүйесі» арқылы іске асырылады. Яғни, төлем жүргізу барысында клиент қандай банк қолданушысы болса да, кез келген Pos-терминалдан немесе QR арқылы бір құрылғыдан төлем жүргізе алатын мүмкіндікке ие болмақ. ҰБ бұл жүйеге 2024 жылдың аяғына дейін барлық банк қосылатынын хабарлады.
«Цифрлық теңге» – төлем жүйесінің жаңа локомативі
Төлем сегменті басқа сегменттерге қарағанда жылдам дамып келеді. Қолма қол ақшасыз операциялардың халық арасында тез енудің негізгі факторы – қазақстандық финтехтердің жоғары бәсекелесітілігі мен цифрлық технологиялардың терең қолдануы.
Қазақстан аумағында қолма-қол ақшасыз операциялардың негізгі үлесі интернет/мобильді банкинг және POS-терминалдар арқылы жүргізілді. Қолма-қол ақша негізінен банкоматтар арқылы алынған.
Қаржы секторы дамыған елдерде жағдай қалай?
Сарапшылардың пікірінше, ХХІ ғасырдың үшінші онжылдығы әлемнің көптеген елінде халықтың қолма қол ақшаны пайдаланудың күрт төмендеуімен сипатталады. Дегенмен, қазірдің өзінде электрондық төлем құралдарының дамуы, төлем банктік карталары мен электрондық ақшалардың жоғары қарқынмен дамуы, сондай-ақ тауарлар мен қызметтер үшін қолма-қол ақшасыз есеп айырысудың заманауи әдістерін енгізу салдарынан тұтынушылардың қолма-қол ақшадан біртіндеп бас тарту үрдісін байқауға болады. Қолма-қол ақшасыз операцияларының басты дамытушы – контактісіз төлем технологиялары. Есеп айырысу процесінде PIN-кодты үнемі теру қажеттілігін болдырмайтын NFC және QR кодтар бұл жүйеде үлкен революция жасады деп айтуға болады.
Еуроодақта қолма-қол ақшасыз есеп айырысу жалпы ақша айналымның 90,4%-на жетті. Дамыған Канада, Скандинавия елдерінде 95-97% аралығында сақталып отыр. Көрші Ресей бұл көрсеткіш бойынша 2023 жылы 83,4%-ға жеткен. Қаржы институттары дамыған елдерде қолма-қол ақшасыз операциялардың үлесі 2023 жылы- 92-93% аралығында сақталуда.
Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы алдағы жылдары төлем сегментінде инновация мен өсу қарқыны сақталады деп есептейді. Себебі банк секторында жылдам төлемдер жүйесі (ЖТЖ), төлем карталарының банкаралық жүйесі, цифрлы теңге және қолайлы реттеуші орта қалыптасып отыр. Ұлттық Банк ақшаның үшінші нысаны – цифрлық теңгені 2025 жылы енгізбек. Ол төлем жүйесінің дамуына қосымша ықпал етері анық.
Қолма-қол ақшасыз операция жалпы ақша айналымын жеделдетіп қана қоймай, оның қаржылық операцияларға үлестік шығындарды азайтады және тиісінше экономикадағы көлеңкелі үлесті қысқарту арқылы экономикаға айтарлықтай әсер етеді.