«Қазгидромет» болжамы: Қазақстанның солтүстігі мен шығысында үсік жүреді
Алдағы күндері солтүстік, шығыс өңірлерде үсік жүріп, батыс өңірлерде күн қатты ысиды. «Қазгидромет» осыған орай дауылды ескерту жариялады.
«Қазгидромет» болжамынша, Павлодар облысының солтүстігінде 31 мамырдан 1 маусымға қараған түнде үсік жүріп өтеді. Сәйкесінше солтүстік өңірлерде жауын жауып, соңы бұршаққа ұласуы мүмкін.
Солтүстік Қазақстан облысында қатты жаңбыр күтіледі. Күндіз облыстың солтүстігінде, батысында, оңтүстігінде найзағай ойнап, бұршақ пен дауыл болады. Дауыл күші 15-20 м/с құрап, облыстың солтүстігінде, батысында, оңтүстігінде екпіні 23 м/с жетпек.
Ал Қостанай облысының солтүстік-батысы мен оңтүстігінде найзағай ойнап, жауын жауады. Оның соңы бұршақ пен дауылға ұласуы мүмкін.
«Оңтүстік-батыстан соғатын жел солтүстік-батысқа ауысады, күндіз облыстың солтүстігінде, шығысында екпіні 15-20 м/с құрайды»,- делінге «Қазгидромет» хабарламасында.
Қарағанды, Ұлытау облыстарында алдағы күндері жауын-шашын күтіледі. Ал Шығыс Қазақстан мен Абай облыстарында 1 маусымға қараған түні үсік жүріп, ауа температурасы 2 градусқа дейін төмендейді.
Ал Маңғысау мен Атырау облыстарында күн қатты ысиды.
«1 маусымда күндіз Маңғыстау облысының батысында, оңтүстігінде шаңды дауыл күтіледі. Оңтүстік-шығыстан жел соғады, күндіз облыстың батысында, оңтүстігінде екпіні 15-20 м/с күтіледі. Облыстың солтүстік-батысында, орталығында жоғары өрт қаупі сақталады»,- делінген ауа-райы болжамында.
Атырауда да жоғары өрт қаупі сақталады. Сынап бағанасы 36 градусқа дейін көтерілуі мүмкін.
Сонымен бірге ауа райы болжамына сәйкес, Қызылорда облысының басым бөлігінде жоғары өрт қауіпі күтіледі, облыстың шығысында төтенше өрт қауіпі сақталады.Дәл солайша Жетісу облысының шығысында да жоғары өрт қаупі сақталмақ.