Жаңалықтар

Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 14,50% деңгейіне төмендетті

Ұлттық банк базалық мөлшерлеме
Бұған дейін базалық мөлшерлеме 14,75% деңгейінде болған /Фото: kursiv.media архивінен

Ұлттық Банктің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені +/- 1 п.т. дәлізімен жылдық 14,50%-ға дейін 25 базистік тармаққа төмендету туралы шешім қабылдады.

«Ортамерзімді келешекте 5%-дық инфляция бойынша мақсатқа жету ұзақ уақыт бойы ұстамды қатаң ақша-кредит саясатын жүргізуді қажет етеді. Инфляцияның орнықты бөлігінің тұрақты түрде баяулауы базалық мөлшерлемені бұдан әрі байыппен төмендетуге жағдай жасайды. Қазіргі ақша-кредит шарттары инфляциялық үдерістердің баяулау қарқынын бекітуге және инфляциялық күтулерді тұрақтандыруға бағытталған», – деп түсіндірді бас банк басшылығы.

Бас банктің хабарлауынша, жылдық инфляция 2024 жылғы сәуірде 8,7%-ға дейін баяулап, болжам траекториясына сәйкес келеді. Азық-түліктің сыртқы бағасының қолайлы жағдайына байланысты инфляцияның азық-түлік компоненті бойынша елеулі түрде төмендеуі байқалады. Орнықты сұраныс пен тұтынушылық кредиттеудің жеделдеуіне қарамастан азық-түлікке жатпайтын инфляция да баяулап келеді. Ақылы қызметтер құнының өсуі ТКҚ бағасының қымбаттау әсерінен жеделдеді.

Бұған дейін Ұлттық банк 2024 жылдың 12 сәуірінде базалық мөлшерлемені бұрынғы деңгейде қалдырды. ҰБ-ның Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені +/– 1 п.т. дәлізімен жылдық 14,75% деңгейінде сақтау туралы шешім қабылдаған. Бас банк бұл шешімін инфляциялық қысымның сақталып отыруымен түсіндірді. ҰБ инфляция бойынша 5%-дық мақсатқа жету үшін ұстамды қатаң ақша-кредит шарттарын сақтау қажет екенін атап өтті.

Жылдық инфляция 2024 жылдың наурыз айында 9,1%-ға дейін баяулап, болжамды траекториядан біршама жоғары қалыптасқан. Кейін сәуір айында инфляция 8,7%-ға дейін баяулады.

2024 жылдың қаңтарында шығарылған шешім бойынша мөлшерлеме 15,25 пайызды құраса, 23 ақпанда базалық мөлшерлеме 14,75%-ға дейін төмендеді. Инфляция да бірте-бірте төмендеп, наурызда 9,1%-ды құрады.

Halyk Finance сарапшылары инфляцияны тежеп, экономикалық дамуды ынталандыру үшін мөлшерлемені төмендету керек екенін айтқан.