БЖЗҚ отандық компаниялардың акцияларын сатып алудан шығын шекті ме? Жыл соңында белгілі болады
Елордада өткен брифингте БАҚ өкілдері ҚР Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовтен «Air Astana акцияларының арзандауына байланысты БЖЗҚ қанша шығынға ұшырады?» деп сұрады.
«БЖЗҚ Air Astana IPO-ға 20 млрд теңгеден астам инвестиция салды. Қазіргі уақытта акциялар ұсыныс деңгейінен төмен тұрады. Бұл жиі кездесетін жағдай. Ол көптеген шарттарға байланысты. Бұл ретте БЖЗҚ тез сатып алып, тез сата алмайды. Бұл біздің инвестициялық стратегиямызға сай емес. Бізде ұзақ мерзімді қор бар. Сәйкесінше, біздің және жетекші инвестициялық менеджерлердің бағалауы бойынша компания акцияларының баға өсу әлеуеті жоғары», — деді Сүлейменов.
Сонымен қатар ол әзірге ешқандай шығын тіркелмегенін атап өтті.
«Өйткені ол үшін нәтижелерді шығарып, аудит жүргізу керек», – деді ҰБ төрағасы.
Оның айтуынша, зейнетақы қоры қоржынында мыңдаған түрлі бағалы қағаздар бар. Олардың әрқайсысының бағасы осы сәтте өсуді де, төмендеуін де мүмкін.
«БЖЗҚ рентабельділікті нақты түрде көрсетеді, сондықтан жыл соңында шығын болмайды деп есептейміз», – деді Ұлттық банк төрағасы.
Еске сала кетсек, Қазақстандықтардың зейнетақы жинақтары Air Astana-ға инвестицияланды. БЖЗҚ 24,9 млрд теңгеге Air Astana акциясын сатып алды. Ұлттық банк БЖЗҚ активтерін компанияның қарапайым акцияларына инвестициялау туралы шешімі компания қызметінің жоғары рентабельділігіне негізделгенін түсіндірді. 1 акция 1 073,83 теңгеден сатып алынған. Жалпы саны 23,2 млн дана немесе шығарылған компания акцияларының 6,5%-ын құрады.
IPO барысында әуе компаниясы акцияларының 58%-ы – қазақстандық нарықта, 42%-ы халықаралық нарықта орналастырылған. Қазақстан нарығындағы жалпы сұраныс 483 млн доллардан асты. Жеке инвесторлар жалпы сомасы 216 млн долларға 60 мыңға жуық өтінім беріп, сұраныстың шамамен 53 % қанағаттандырылған.