Қазақстан экономикасының өсу болжамы 3,5-4,5% деңгейінде сақталды

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
2025 жылға Қазақстан экономикасының өсу болжамы 4,8-5,8%-ға дейін төмендетілді / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Ұлттық Банк төрағасы  Тимур Сүлейменов арнайы брифинг барысында базалық мөлшерлемені жылдық 14,50%-ға дейін төмендету туралы шешімін түсіндірді. Оның сөзінше, инфляция болжам траекториясына жақындаған.

Жылдық инфляция 2024 жылғы сәуірде 8,7%-ға дейін баяулады

«Сәуірде айлық инфляция 0,6% деңгейінде қалыптасып, жалпы алғанда орташа тарихи динамикаға (0,6%) сәйкес келеді. Маусымдық факторлар ескерілмеген және базалық инфляция көрсеткіштері екінші ай қатарынан баяулап отыр. Бұл азық-түлік тауарлары бағасының мейлінше төмен өсуіне байланысты. Ал ТБИ-дің азық-түлікке жатпайтын және сервистік компоненттері нысаналы мәннен жоғары болып қалуда», – деді бас банк төрағасы.

Алайда ол қаржы нарығының кәсіби қатысушылары мен кәсіпорындардың инфляциялық күтулері мейлінше тұрақты болғанын айтады. Бұл ретте қаржы нарығының кәсіби қатысушылары инфляция осы жылдың соңына қарай 8,5% деңгейінде қалыптасады деп болжап отыр.

Қазақстан экономикасы жылдық 3,9%-ке өсті

Осы тұста спикер қысқамерзімді экономикалық белсенділік индексіне тоқталды. 2024 жылғы қаңтар-сәуір айларында Қазақстан экономикасы жылдық 3,9%-ке өсті. Іскерлік белсенділіктің өсуі ішкі және сыртқы сұраныспен қамтамасыз етіліп отыр. Экономиканың барлық негізгі саласы орнықты қарқынмен өсіп келеді.

«Шикізатқа жатпайтын сектордағы инвестициялық белсенділік өсіп келеді. Осы жылдың қаңтар-сәуір айларында 18,4% болды. Олар –  өңдеу өнеркәсібі, электрмен жабдықтау, құрылыс, көлік және ақпарат пен байланыс», – деді спикер.

2025 жылға Қазақстан экономикасының өсу болжамы 4,8-5,8%-ға дейін төмендетілді

ҰБ басшысының айтуынша, 2025 және 2026 жылдарға арналған болжамдар қайта қаралды. Бұл ТШО-ны кеңейту жобасын іске қосу мерзімін 2025 жылдың екінші жартыжылдығына ауыстыруға байланысты. 2025 жылға болжам 4,8-5,8%-ға дейін төмендетіліп, 2026 жылы 4,9-5,9%-ға дейін ұлғайтылды.

«Біздің бағалауымыз бойынша ТШО-ның кеңейту жобасын 2025 жылдың екінші жартысына ауыстыруы экспорт пен жалпы ішкі өнімнің өсу үрдісін дамытады. Яғни біз 2025 жылы экономика 4,8-5,8% шегінде өседі депесептейміз. 2026 жылы ТШО-дағы өндірісті ұлғайтудың кейінгі әсерін ескерсек, жалпы ішкі өнімнің өсуі бұрын болжанғаннан жоғары болып, 4,9-5,9%-ті құрайды», – деп нақтылады реттеуші басшысы.

Ресей тарапынан сыртқы инфляциялық қысымның біршама күшеюі байқалады

Тимур Сүлейменовтің айтуынша, өсімдік майларын қоспағанда, азық-түліктің барлық түрінің әлемдік бағасы жылдық мәнде төмендеп келеді. Сыртқы ақша-кредит шарттары қатаң болып қалуда: ФРЖ да, ЕОБ да әзірге монетарлық шарттарды жеңілдетуге көшкен жоқ және мөлшерлемелерді шектеуші деңгейде ұстап отыр.

«Ресей тарапынан сыртқы инфляциялық қысымның біршама күшеюі байқалады. Алайда, Ресей Федерациясы Орталық банкінің қатаң ақша-кредит шарттарын сақтау бойынша ұстанымын ескере отырып, 2025 жылдың соңына қарай мақсатқа оралады деп күтіледі», – деді Сүлейменов.

ОПЕК+ мұнай өндіруді қысқарту шешімінің ұзартылуына, АҚШ тарапынан мұнай өндірісінің тұрақтануына және Таяу Шығыстағы геосаяси белгісіздікке байланысты болжамның базалық сценарий 2024 жылы Brent маркалы мұнай бағасын орташа есеппен бір баррель үшін 85 АҚШ долларына дейін көтере отырып қайта қаралды.

Мұнай бағасының біртіндеп – 2025 жылы орта есеппен 80 АҚШ долларына дейін және 2026 жылы 77 АҚШ долларына дейін төмендейді деп болжады.

Еске сала кетсек, Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 14,50% деңгейіне төмендетті.

Жылдық инфляция 2024 жылдың наурыз айында 9,1%-ға дейін баяулап, болжамды траекториядан біршама жоғары қалыптасқан. Кейін сәуір айында инфляция 8,7%-ға дейін баяулады.

Сондай-ақ оқыңыз