ҚР Энергетика министрлігі дайындаған «Мұнай өңдеу саласын дамытудың 2024-2050 жылдарға арналған тұжырымдамасына» сәйкес, Қазақстан өндірілетін 27 млн тонна мұнай өнімдерінің 10%-ын шетелге экспорттауды жоспарлап отыр. Бұл туралы Ашық НҚА порталында жарияланған құжатта жазылған.
Тұжырымдаманың түпкі мақсаты – тұрақты және озық даму арқасында қазақстандық мұнай өңдеу зауыттардың бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету, инвестициялар тарту.
«2-нысаналы индикатор – ішкі нарықтағы профицит жағдайында өндірілген мұнай өнімдерінің 10%-ға дейінгі бөлігін экспорттау. Экспортқа бағытталған индустрия құру жоспарлануда», – деп жазылған қоғамдық талқылау үшін жарияланған құжатта.
Құжатқа сүйенсек, осы кезеңде мұнай өңдеу қуаттылығын жылына 17 млн тоннадан 27 млн тоннаға дейін ұлғайту жоспарлануда. Бұл 2050 жылға дейін ішкі нарықтың шикізатқа деген қажеттілігін толық қамтамасыз етеді. Осылайша, Қазақстан жыл сайын 2,7 млн тоннаға дейін мұнай өнімдерін экспорттайтын болады.
Шымкент мұнай өңдеу зауытының қуаттылығын жылына 6 млн тоннадан 12 млн тоннаға жеткізу жоспарланған. Павлодар мұнай-химия зауытының жылына 5,5 млн тоннадан 9 млн тоннаға, CaspiBitum зауытының қуаттылығын 1 млн тоннадан 1,5 млн тоннаға дейін және Атырау мұнай өңдеу зауытында қайталама мұнай өңдеу жылына 0,7-1 млн тоннаға дейін өндірісті арттыру да қарастырылған.
Энергетика министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда АИ-92 бензинінің – 150 мың тонна қоры болады. Сонымен қатар АИ-95 – 50 мың тонна, дизельдік отынның – 240 мың тонна стратегиялық қоры қалыптастырылады. Кейін мұнай өнімдерін Орталық Азия мен Еуропа нарықтарына экспорттау жосапланып отыр.
«Мұнай экспорттаушы елдердің ұйымдары (бұдан әрі – ОПЕК) ұзақ мерзімді болжамдары бойынша 2035 жылға қарай мұнайды тұтынудағы өсімнің 80%-ы дамушы Азия елдеріне тиесілі болады, бұл ретте әлемде халық санының өсуі мен ЖІӨ-нің өсуі энергия тұтынудың, оның ішінде мұнайдың, демек, мұнай өнімдерінің ұлғаюының негізгі факторлары болып табылады», – деп жазылған құжатта.
Еске сала кетсек, Қазақстан 2030 жылдан бастап Қазақстан мұнай өнімдерін көрші елдерге экспорттауы мүмкін. Бұл туралы Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев мәлімдеген. Оның сөзінше, биылғы жылдың 4 айының қорытындысы бойынша мұнай өңдеу көлемі 5,9 млн тоннаны құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 105,4%. Ал мұнай өнімдерін өндіру 4,28 млн тонна болды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 94% болған.