1 шілдеден бастап Open Banking жүйесі іске қосылады. Қазақстандықтар бір қосымша арқылы әртүрлі банктің шоттарын пайдалана алады
Ұлттық банк 2024 жылдың 1 шілдесінен бастап Open API технологиясына негізделген Open Banking жобасын толығымен іске қосуды жоспарлап отыр. Бұл туралы ҚР Ұлттық банкінің басшысы Тимур Сүлейменов базалық мөлшерлемені төмендетуге арналған баспасөз мәслихатында айтты.
«OpenAPI, Switch ұлттық картасы – бұл біз өткен жылы пилоттық режимде іске қосқан жобалар. 1 шілдеден бастап оларды толық режимде іске қосамыз деп үміттенеміз. Бұл туралы алдағы баспасөз мәслихаттарында айтатын шығармыз», – деді Сүлейменов.
Бұл технология банктердің дамуына қалай әсер етеді? Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының соңғы форумында кейбір сарапшылар OpenAPI банктерге қауіп төндіреді және олардың жабылуына әкелуі мүмкін деген пікір білдірді.
«Көп банкте бір қосымша болса, банктер бәсекеге түсе алады. Қай ұйымға салым салған дұрыс, коммуналдық төлемдерді қайсысында жасаған дұрыс дегендей. Бұл бір төлем үшін 100 теңге, екіншісі – 50 теңге болады. Өзіңіз шешіп, бір өтініш арқылы шешім қабылдайсыз. Сондықтан, әрине, бәсекелестік үшін жақсы және осыған байланысты бұл мәселені алға жылжытуымыз керек. Міне, осымен айналысып жатырмыз», — деді Ұлттық банк басшысы.
Ол Ұлттық банк, керісінше, Қазақстанда банктердің көп болуы үшін жұмыс істеп жатқанын атап өтті. Оның пікірінше, OpenAPI-ге байланысты банктерді жабу үшін ешқандай алғышарттар жоқ. Сүлейменов цифрлық технологиялар банктердің тиімдірек жұмыс істеуіне көмектесетін құрал ғана деп санайды.
Жүйені енгізу Open API технологиясын пайдалануға негізделген. Ол әртүрлі банктердің шоттарын олардың біреуінің қосымшасы арқылы пайдалануға мүмкіндік береді.
Еске сала кетсек, 2023 жылы Open Banking пилоттық жобасы іске қосылды. Алғашқы төрт банктің мобильді қосымшалары арқылы тестілеуге Bank RBK, Altyn Bank, Home Credit Bank, Bank CenterCredit және «Отбасы банк» қатысты.
Жыл басында ҚР Ұлттық Банкі Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлесіп, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің қатысуымен Қазақстанда Open API және Open Banking дамытудың 2023-2025 жылдарға арналған тұжырымдамасын ұсынды.