Ұлттық банк БЖЗҚ ақшасына қаржы ұйымдарының облигацияларын қашан сатып алады? Бұл не үшін қажет?

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Ұлттық банк ІІІ тоқсанда банк облигацияларын сатып алуы мүмкін / Коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Аружан Махсотова

Ұлттық банк Бірыңғай зейнетақы қорының ақшасын пайдалана отырып, үшінші тоқсанда банк облигацияларын сатып алуды жоспарлап отыр. Бұл туралы елорда да өткен баспасөз мәслихатында Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов айтты.

 «Өздеріңіз білетіндей, бізде корпоративтік несие беру көрсеткіші артып келеді. Бірақ біз оның экономикалық әлеуетімізге сәйкес жылдам қарқынмен өскенін қалаймыз. Бұл ретте қандай проблемалар бар екенін қарастырамыз. Екінші деңгейлі банктер көтерген ең маңызды мәселе ұзақ мерзімді теңгелік ресурстар болды», – деп түсіндірді Сүлейменов.

Банктер алған қаражатты бизнесті қаржыландыруға жұмсайды.

Оның айтуынша, қазір банктердің активтері негізінен депозиттерден тұрады. Оларды «ұзақ мерзімді» ресурстар деп санауға болмайды. Өйткені оларды оңай алуға болады. Осыған байланысты банктерге ұзақ мерзімді несиелерді құрылымдау қиынға соғады.

«Сонымен қатар БЖЗҚ активтері еліміздің экономикасы үшін жұмыс істеуі тиіс ұзақ мерзімді теңгедегі қаржы. Осылайша, БЖЗҚ портфелінің бір бөлігін банктік облигацияларға инвестициялау мүмкіндігін ҚНРД, Ұлттық банк және «Бәйтерек» қарастырды. Бұл ақша тек корпоративтік несиелерге бағытталады», – деді Сүлейменов.

Оның айтуынша, банктер өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы және басқа да маңызды салалардағы жобаларды қаржыландырады. Жалпы инвестиция көлемі 500 млрд теңгеге дейін жетеді.

Ұлттық банк басшысы кейбір банктердің бағдарламаға қызығушылық танытқанын, бірақ әзірге олар бойынша нақты шешім қабылданбағанын айтты. Сондықтан олардың атын атай алмайтынын жеткізді.

Сүлейменов қабылданып жатқан шаралар Сенат спикері Мәулен Әшімбаев таяуда айтқан бизнесті несиелендіру мәселесін шешуге көмектесетінін атап өтті. Бұған дейін Мәулен Әшімбаев бизнеске берілетін несиенің төмендеуіне банк пен жоғары базалық мөлшерлеме себеп болғанын айтқан.

Сондай-ақ оқыңыз