Армения Алматыда өтіп жатқан ҰҚШҰ Қауіпсіздік Кеңесінің отырысына қатыспайды

Жарияланды
Армения ҰҚШҰ
Армения осыған дейін де бірнеше рет өткен ҰҚШҰ Қауіпсіздік Кеңесінің отырысына қатысудан бас тартқан / Фото: kursiv.media

Армения Алматыда өтіп жатқан ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің Қорғаныс министрлері Кеңесінің отырысына қатыспайды. Бұл жайлы ұйымның ресми өкілі Юрий Шувалов мәлімдеген.

«Армения Кеңес отырысына қатыспайды, бірақ Алматыда шектеулі форматта қабылданған шешімдерге қарсы емес», – деп мәлімдеген Шувалов.

Шара Қазақстанның ҰҚШҰ-ға төрағалығы аясында өтіп жатыр. Жиында ҰҚШҰ-ның ұжымдық қауіпсіздік аймақтарындағы әскери қауіпсіздік пен Ұйымның әскери құрамдас бөлігін дамыту мәселелері талқыланады.

Айта кетейік, ҰҚШҰ жиыны 30 мамыр мен 6 маусым аралығына жоспарланған. Бүгін, 31 мамырда ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің Қорғаныс министрлері Кеңесінің отырысы өтеді.

Ал 2-3 маусым аралығында Алматыда ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясы Кеңесінің отырысы өтеді. Ал 5-6 маусым күндері ҰҚШҰ Қауіпсіздік кеңестері хатшылары Комитетінің отырысы өтпек.

Еске сала кетсек Армения премьер-министрі Никол Пашинян ақпанда Армения ҰҚШҰ-ға мүшелігін заңды негізде тоқтатуы мүмкін екенін айтты. «ҰҚШҰ Армения алдындағы қауіпсіздік саласындағы міндеттемелерін орындаудың орнына, керісінше, Армения Республикасы үшін қиындықтар туғызып отыр»,  – дейді Армения басшысы.

Ереван ҰҚШҰ мен Мәскеудің келісімшарт бойынша міндеттелемелерін орындамай отырғанын айтып, ұйымнның бірталай жиынына қатысудан бас тартты. Мәселен, Арменияның Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Армен Григорян республиканың Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымынан «ешқандай үміт күтпейтінін» айтқан. Ол:

«2020 жылдан бастап Әзербайжан Арменияға үш рет ауқымды шабуыл жасады, осы кезде ҰҚШҰ Арменияға ешбір көмек көрсеткен жоқ», – деп ренжіген.

Ал Пашинян өз кезегінде Армениядағы жағдай ҰҚШҰ беделіне әсер етпей қоймайтынын айтты.

Ал 2023 жылдың қарашасында ҰҚШҰ Бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетов Армения Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының (ҰҚШҰ) көмегінен бас тартқанын мәлімдеді. Ереван ҰҚШҰ-дағы серіктестерінен ресми түрде Арменияға көмек көрсету туралы құжатты күн тәртібінен алып тастауды сұраған. 

Сондай-ақ оқыңыз