2023 жылғы бюджеттің атқарылуы: Жоғары аудиторлық палата 87,7 млрд теңге бюджет қаражатының тиімсіз жұмсалғанын анықтады
Жоғары аудиторлық палата 2023 жылғы республикалық бюджеттің шоғырландырылған қаржылық есептілігіне аудит жүргізіп, нәтижесінде 87,7 млрд теңгенің тиімсіз жұмсалғанын анықтаған. Бұл жайлы Жоғары аудиторлық палатаның баспасөз қызметі хабарлады.
Жоғары аудиторлық палатаның хабарлауынша, республикалық бюджет активтерінің жиынтық көлемі 2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 7% өсіп, 25,5 трлн теңгені құраған.
Дегенмен, аудиторлар соңғы 5 жыл қатарынан республикалық бюджет кірісінен шығысы жыл сайын асып түсіп отырғанын байқаған. Бұл жайт жинақталған қаржылық нәтиженің төмендеуіне әкеп соқтыруы мүмкін.
«Аудиторлық тексеріс нәтижесінде 87,7 млрд теңге тиімсіз жұмсалғаны, 26,3 млн теңгеге активтерді тиімсіз пайдалану, сондай-ақ 25 рәсімдік бұзушылық пен 17 жүйелік кемшілік анықталып отыр»,- делінген баспасөз хабарламасында.
Сонымен бірге 2023 жылдың қорытындысы бойынша таза активтер минус 4,2 трлн теңгені құраған. Бұл, ең алдымен, мынадай қаржылық көрсеткіштердің өзіндік құнының объективті түрде көрсетілмеу себебімен байланысты екен:
- квазимемлекеттік сектор субъектілеріне инвестициялар;
- квазимемлекеттік сектор субъектілеріне берілетін бюджеттік кредиттер;
- қаржылық міндеттемелер (мемлекеттік борыш).
«Аталған элементтердің тек үшеуі ғана объективті түрде көрсетілген жағдайда, 2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша таза активтер теріс емес (минус 4,2 трлн теңге), оң мәнді көрсетіп, бағалау бойынша 12,7 трлн теңгені құрайтын еді»,- делінген хабарламада.
Осындай кемшіліктерді анықтаған Жоғары аудиторлық палата «Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы» ҚР Заңының 23-бабына сәйкес анықталған бұзушылықтар мен жүйелік кемшіліктерді назарға ала отырып, ұсынымдар мен ескертпелер жіберген.
Сонымен бірге Жоғары аудиторлық палата қолданыстағы нормативтік құқықтық актілерге ҚСХҚЕС сәйкес активтер мен міндеттемелердің жекелеген санаттарының неғұрлым анық түрде ұсынылуын қамтамасыз етуге бағытталған өзгерістер енгізуді ұсынған.
«Тұтастай алғанда, шоғырландырылған есептілік аудитке ұсынылған сәттен бастап, 5 жылдық кезең ішінде оның сапасы мен анықтығының айтарлықтай жақсарғаны байқалады. Жалпы, Палата ұсынымдарын ескере отырып, Қаржы министрлігі осы жылдар ішінде 5,7 трлн теңге сомадағы активтерді, 297 млрд теңгеге міндеттемелерді тану және анық көрсетуді қамтамасыз етті»,- деп хабарлайды баспасөз қызметі.
Еске сала кетсек, Жоғары аудиторлық палата Алматы облысының бюджеттік атқарылуынан 17 млрд теңгеге жуық қаржылық бұзушылықтар анықтаған болатын. бұзушылық салдарынан, 2022 жылы құны 129 млрд теңгеден асатын 110 жоба және 2023 жылы 110 млрд теңгеден асатын 81 жоба нормативтік мерзімде аяқталмаған. сонымен бірге 2021 жылы басталған 5 автожолдың құрылыс-монтаждау жұмыстары қаржыландырылмай қалған. Дәл солайша 10 жыл бұрын басталған G4 City жобасы аясында қазіргі Алатау қаласының объектілерімен байланысты бұзушылықтар анықталған.
Сондай-ақ Жоғары уадиторлық палата Алматы қаласы бойынша тексеру комиссиясының қызметінен бірқатар олқылықтар анықталғанын хабарлаған болатын. Алматы қалалық бюджетінен қомақты қаражат Алматы қаласы бойынша тексеру комиссиясының жекелеген мемлекеттік қызметкерлеріне сыйақыға жұмсалған. Нақтырақ айтқанда, 2023 жылғы желтоқсанда Тексеру комиссиясының жекелеген қызметкерлеріне «лауазымдық міндеттерін үлгілі орындағаны үшін» 6,5 млн теңге сомаға бірнеше рет сыйақы төленген. Жұмысқа қабылданған сәттен бастап бір тоқсаннан аз жұмыс істеген адамдарға сыйақы беріліп келген. Салдарынан іссапарға жіберілген қызметкерлерге тұрғын үй жалдауға қажетті сома төленбеген. Сонымен бірге сыйақыға лайық адамдарға үстемақы берілмеген.