Жаңалықтар

27 мыңға жуық саяси қуғын-сүргін құрбандарына бюджеттен 2,7 млрд теңге көлемінде көмек беріледі

саяси қуғын-сүргін құрбандарына
Саяси қуғын-сүргін құрбандарына 1,5 млрд теңге көлемінде жәрдемақы, 1,2 млрд теңге көлемінде біржолғы ақшалай көмек қарастырылған / Фото: kursiv.media, бильд-редактор: Аружан Махсотова

31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай, Қазақстандағы саяси қуғын-сүргін құрбандарына біржолғы ақшалай өтемақы және арнайы мемлекеттік жәрдемақы беріледі. Биыл сол мақсатта бюджеттен 2,7 млрд теңгеден астам қаржы бөлінеді. Бұл жайлы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.

Бұл қаражаттың 1,5 млрд теңгесі жәрдемақы ретінде берілсе, 1,2 млрд теңгесі біржолғы ақшалай көмек ретінде берлімек.

«2003-2023 жылдар аралығында республикалық бюджеттен 2,9 млрд теңге сомасында біржолғы ақшалай өтемақы төленді. Өтемақы мөлшері 2 769 теңге мен 369 200 теңге аралығында. 2024 жылға республикалық бюджетте аталған мақсаттарға 1,2 млрд теңге қарастырылған», – дейді Әлеуметтік көмек департаментінің директоры Айнұр Абдырахманова.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, саяси қуғын-сүргін құрбандарына, сондай-ақ саяси қуғын-сүргіннен зардап шеккен, мүгедектігі бар адамдарға немесе зейнеткерлерге әлеуметтік төлемдердің өзге де түрлеріне қарамастан 1,23 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төленеді.

«2005 жылдан бастап 2023 жылға дейінгі кезеңде республикалық бюджеттен 16,9 млрд теңге сомасында арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төленді. 2024 жылы арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төлеуге 1,5 млрд теңге жоспарланған. Биылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша 26 833 жаппай саяси қуғын-сүргін құрбаны және саяси қуғын-сүргіннен зардап шеккен азамат арнаулы мемлекеттік жәрдемақы алды», – деді Абдырахманова.

Қуғын-сүргіннен зардап шеккен азаматтарға тағы қандай жеңілдіктер қарастырылған?

Министрлік мәліметінше, саяси қуғын-сүргіннен зардап шеккен деп танылған, мүгедектігі бар адамдарға немесе зейнеткерлерге төмендегідей жеңілдіктер қарастырылған:

  • бас бостандығынан айыру орындарында ұсталған, жазасын өтеген, басқа елді мекендерге жіберілген, арнайы елді мекендерде еркіндігі шектеліп, мәжбүрлі еңбекпен айналысқан және мәжбүрлеп психиатриялық мекемелерде емдеуде болған уақыты үш есе мөлшерде зейнетақы өтіліне қосылады.
  • олар ыңғайлы уақытта кезекті еңбек демалысын, сондай-ақ жылына екі аптаға дейінгі мерзімге жалақысы сақталмайтын қосымша демалыс алуға құқылы;
  • Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қарттар мен мүгедектігі бар адамдарға арналған интернат-үйлерге бірінші кезекте орналастырылып, толық мемлекет қамтамасыз етеді.
  • протездік-ортопедиялық бұйымдармен жеңілдікпен қамтамасыз етіледі;
  • оңалтуға байланысты мәселелер бойынша адвокаттардан тегін кеңес алуға құқығы бар.

Бұдан басқа, жергілікті атқарушы органдар жергілікті өкілді органдардың шешімі бойынша саяси қуғын-сүргіндерге ұшыраған және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ақталған адамдарға материалдық және басқа да көмек түрлерін көрсету жөнінде жергілікті бюджеттер есебінен қосымша шаралар белгілеуге құқылы.

Мәселен, 2024 жылы жергілікті бюджет қаражаты есебінен 31 мамырға қарай 9 668 азаматқа 9 230 теңгеден 38 448 теңгеге дейін 223,8 млн теңге сомасында біржолғы материалдық көмек көрсетілмек.

Министрлік мәліметінше, 1921-1954 жылдар аралығында «халық жауларын» анықтау саясатының салдарынан Қазақстанда 100 мың адам сотталған. Олардың 25 мыңы ең жоғары жазалау шарасы – ату жазасына кесілген. Ал 1932-33 жылдардағы ашаршылықта миллиондаған адам қырылған.

Қуғын-сүргін жылдары республика аумағында ГУЛАГ құрылымының ең ірі лагерлері – АЛЖИР, Степлаг, Карлаг болды. Қуғын-сүргін жылдары Қазақстан лагерлеріне 5 млн-нан астам адам жер аударылған. Кейбір мәліметтер бойынша, тұтқындардың жалпы саны бұл саннан едәуір көп болуы мүмкін.

Айта кетейік, бүгін президент Қасым-Жомарт Тоқаев  Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай Х әлеуметтік желісіндегі парақшасында арнайы жазба жариялады. Онда президент репрессия мен қуғын-сүргін құрбандарын ақтаудың маңыздылығына тоқталған. Сонымен бірге өткеннің қасіретін естен шығармай, өркениетті қоғам құруға талпыну қажеттігін айтты.