160 млн теңгеге жуық қаражатты жымқырған: ҚТЖ-ның әскерилендірілген теміржол күзетінің басшылары сотталды
ҚТЖ Әскерилендірілген теміржол күзетінің басшылары сотталды. Бұл жайлы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты «Әскерилендірілген теміржол күзеті» ЖШС бас директоры Б.Нахановқа, оның орынбасары А.Мұқатаеваға және менеджер Р.Сидиковқа қатысты үкім шығарды»,- делінген хабарламада.
Агенттік хабарлауынша, олар бейнебақылау жабдықтарын сатып алуға бөлінген қаражттан 159,4 млн теңге қаражатты жымқырған. Cот оларды кінәлі деп таныған.
Сондай-ақ, Наханов әскерилендірілген теміржол күзетінің жүргізушісі ретінде адамды жұмысқа орналастыру кезінде де лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланған.
Нәтижесінде сот Нахановқа 8 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаған. Ал оның сыбайластары Мұқатаева мен Сидиковқа 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Сонымен бірге олар өмір бойына мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылды.
Еске сала кетсек, 27 мамыр күні ҚТЖ-ның 4 қызметкері сотталды. Олар ҚТЖ дизель отынына және теміржол кранын жөндеуге бөлінген қаражатты жымқырды деп күдіктелген. Сот олардың 12 млн теңге қаражатты ұрлағанын анықтап, кінәлі деп таныған. Cот үкімімен олар 3 жылдан 4,6 жылға дейін бас бостандығынан айыр жазасы тағайындалды.
Ал 2023 жылдың наурызында Көлік прокуратурасы ҚТЖ филиалында 82 млн теңге жымқырылғанын анықтаған болатын. Ол кезде де Алматы көлік прокуратурасымен бухгалтерлік материалдарды зерделеу барысында «ҚТЖ-Жүк тасымалы»-«Алматы жүк тасымал бөлімшесі» филиалы лауазымды тұлғасының аса ірі мөлшерде ақша қаражатын ұрлау фактісі анықталған еді.
Ақпаратқа сәйкес, «К» есімді лауазымды тұлға, филиал қызметкерлері емес адамдардың банктік шоттарына 82 млн.теңгеден астам соманы аударған. Бұл ақшалай қаражатты қаскүнем өз қажеттіліктеріне жұмсаған.
Ол Алматы қаласы Алмалы аудандық сотының 17.01.2023 жылғы үкімімен кінәлі деп танылған. Солайша 5 жыл мерзімге материалдық жауапты лауазымдарға орналасу құқығынан айырыла отырып, шартты түрде 7 жылға сотталған. Үкім заңды күшіне еніп, келтірілген материалдық залал толығымен өтелген.