Президент жұмыс сапарымен Алматыға келіп, әуежайдың жаңадан салынған терминалын аралады

Жарияланды
Тоқаев әуежай
Тоқаев жұмыс сапарын Алматы халықаралық әуежайының жаңа терминалынан бастады / Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыға жұмыс сапарымен келіп, Алматы халықаралық әуежайының жаңа терминалын аралаған. Бұл жайлы Ақорда хабарлады.

Сапарын қала әуежайының жаңа халықаралық терминалынан бастаған президент аяқталуға жақын қалған нысанның жағдайымен танысқан. Мемлекет басшысына жолаушыларды тіркеу, шекара және кедендік бақылау аймақтары, жүк бөлімі таныстырылған.

Жаңа ғимараттың жалпы ауданы 53,5 мың шаршы метрді құрайды. Терминалы пайдалануға берілген соң жылына 14 миллион жолаушыға қызмет көрсетіледі. «Алматы халықаралық әуежайы» АҚ президенті Альп Эр Тунга Эрсой сейсмикалық және өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтай отырып салынған терминал магнитудасы 10 балға дейінгі жер сілкінісіне төтеп бере алатынын айтады.

Сонымен бірге жаңа терминал Орталық Азияда бірінші болып Excellence in Design for Greater Efficiencies (EDGE) бағдарламасы бойынша сертификат алмақ. Терминалда жолаушылар мен авиакомпаниялар санының өсуін ескере отырып, 50 тіркеу бағаны жұмыс істейтін болады.

Терминалмен танысып шыққан президент қала және ел туралы алғашқы әсер әуежайдан қалыптасатынын айтты.

«Алматы халықаралық әуежайы – еліміздегі ең ірі әуе айлағы. Оңтүстік астанамызды тамашалайтын туристер саны жыл сайын артып келеді. Былтыр қалаға 2 миллионнан астам турист келіп-кеткен. Осыдан екі жыл бұрын құрылыс орнына капсула салу рәсіміне қатысып едім. Ал ертең, міне, Алматы халықаралық әуежайының жаңа терминалы алғашқы рейстерге қызмет көрсетпек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент терминал құрылысын халықаралық стандарттарға сай жүргізгені үшін TAV GROUP компаниясына, сондай-ақ Алматы үшін осындай маңызды жобаға атсалысқан кредиторлар концорциумы – Еуропалық қайта құру және даму банкіне, Халықаралық қаржы корпорациясына және Еуразиялық даму банкіне алғысын білдірді.

Бұдан кейін мемлекет басшысы ғалымдармен, бизнес өкілдерімен, халықаралық ұйымдардың басшыларымен кездесулер өткізеді.

Еске сала кетсек, қаңтарда TAV Airports Holding басшысы құрылыс жұмыстарының 87%-ға аяқталғанын мәлімдеді. Ол жаңа терминал осы жылдың маусымында ашылатынын айтқан еді.

Сондай-ақ оқыңыз