Энергетика министрі ОПЕК+ отырысына қатысады
2 маусым күні Сауда Арабиясындағы Эр-Риядта ОПЕК+ өзінің 188-отырысын, Бірлескен Министрлік мониторинг комитетінің 54-отырысын және ОПЕК+ министрлерінің 37-отырысын өткізеді.
Осы жиындарға Энергетика министрі Алмасадам Сатқалиев қатысады. Бұл туралы министр кеңесшісі Шыңғыс Ілиясов хабарлады. ОПЕК+ құрамындағы мемлекеттер альянстың қазіргі саясатын талқылауды жоспарлап отыр.
ОПЕК+ Бірлескен министрлік мониторинг комитетінің (JMMC) 53-отырысында Ирак Республикасы мен Қазақстан Республикасының міндеттемелерді толығымен сақтауы және артық өндірісті өтеуі мақұлданды. Сонымен қатар Ресей Федерациясы 2024 жылдың екінші тоқсанында экспорт емес, өндіріс есебінен ерікті түрде қысқартатыны белгілі болды.
Былтыр ОПЕК келісімі бойынша Сауд Арабиясы, Ресей және басқа ОПЕК+ мүшелері жалпы мұнай өндіруді шамамен 5 миллион баррельге қысқартуға уәде берді.
2023 жылдың сәуірінде мұнай өндірісі көлемін ерікті түрде қысқартуға шешім қабылдады. Қазақстан 2024 жылдың маусым айының соңына дейін 1,468 млн баррель мұнай өндіруді жоспарлаған.