Кәсіпкерлерден бірнеше мәрте пара алды деп айыпталған Балық шаруашылығы комитетінің басшысына қатысты сот үкімі шықты. Экс-шенеунік 6 жылға бас бостандығынан айырылды.
Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Балық шаруашылығы комитетінің төрағасына және жалпы қамқорлығы үшін алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобымен айтарлықтай мөлшерде пара алған балық ресурстарын қорғау және балық аулауды реттеу басқармасының басшысына қатысты істі қарады. Сотталушыларға екі эпизод бойынша айып тағылды.
«Бірінші эпизод бойынша – 2021-2024 жылдар аралығында Комитет төрағасы өз қарамағындағы басқарма басшысымен алдын ала сөз байласу арқылы Комитетке бағынысты ұйымның бас директорынан жалпы қамқорлығы үшін банктік аударымдар арқылы 1,5 млн теңге көлемінде пара алған. Екінші эпизод бойынша – «Н» ЖШС директорынан банктік аударым арқылы ұйым қызметінің қамқорлығы үшін 2 млн теңге мөлшерінде пара алынған», – делінген хабарламда.
Сот үкімі
Сот отырысы барысында сотталушылар кінәсін мойындап, жасаған істеріне өкініш білдірді.
«Шын жүректен өкіну, құқық бұзушылықты ашуға жәрдемдесуін және жас балаларының болуы сияқты қылмыстық жауапкершілік пен жазаны жеңілдететін мән-жайлардың болуына қарамастан, Комитет төрағасы мен басқарма басшысы мемлекеттік қызмет пен квазимемлекеттік секторда лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айырыла отырып, 6 жылға сотталды», – деп хабарлады Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты.
Уәкілетті органға сыбайлас жемқорлық туралы, балық шаруашылығы қызметкерлері арасында сыбайлас жемқорлықтың орын алуына ықпал ететін себептер мен жағдайларды анықтау жайында жеке қаулы шығарылды. Сондай-ақ президентке Комитет төрағасын мемлекеттік наградадан айыру туралы ұсыныс енгізілді. Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Еске салсақ, осыған дейін Антикор Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты Балық шаруашылығы комитетінің төрағасы мен басқа да тұлғаларға қатысты тергеу аяқталғанын. Күдікті кінәсін толық мойындаған. Агенттік мәлімдегендей, тергеу соты күдіктіге «электронды білезік» тағып, үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялаған.
«Ол 2021 жылдан бастап 2024 жылдың ақпаны аралығында компаниялар қызметіне жалпы қамқорлығы үшін шағын және орта бизнес өкілдерінен жүйелі негізде пара алу бойынша күдікті. Ол кінәсін толық мойындап, тергеуге көмектесуде»,– деп мәлімдеген еді агенттіктің ресми өкілі.
Ал Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров Бас Прокуратура мен Қаржы мониторингі агенттігі балық шаруашылығына қатысты қылмыстық қудалау мен шабуыл жасап келе жатқанын мәлімдеген болатын. Оның айтуынша, қаржы агенттігі балық өңдейтін 9 зауытқа қарсы негізсіз қылмыстық іс қозғаған.