Жаңалықтар

Еуроодақ Қазақстаннан ұшу қауіпсіздігінің «қара тізімі» бойынша бүкіл шектеуді алып тастады

кга
Азаматтық авиация комитетінің мәліметінше, бұл бағыттағы жұмыстар 2009 жылдан бастап жүргізіліп келеді / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Денис Андреев

Қазақстанның әуе тасымалдаушыларынан Еуропалық Одақ елдеріне ұшуға барлық шектеулер біржола алынып тасталды. Бұл туралы ҚР Азаматтық авиация комитеті хабарлады.

«2024 жылғы 30 мамырдағы хатында ЕК-нің ұтқырлық және көлік жөніндегі Бас директоратының авиация Департаментінің Директоры Филип Корнелис мырза «Еуропалық Комиссия Қазақстан қызметінің күшейтілген мониторингін тоқтату туралы шешім қабылдады»,-делінген хабарламада.

Азаматтық авиация комитетінің мәліметінше, бұл бағыттағы жұмыстар 2009 жылдан бастап жүргізіліп келеді. Қазақстандағы авиациялық билік ЕО сарапшыларының биыл ақпан айындағы ұшу қауіпсіздігі жүйесін техникалық бағалау тексерісінен сәтті өткен.

Қазақстандық авиатасымалдаушылар алғаш рет 2009 жылы Еуроодақтың «қара тізіміне» енді. Халықаралық Азаматтық авиация ұйымы аудит барысында ICAO стандарттарының көрсеткіші төмен екенін анықтады. Аудит қортындысы бойынша қауіпсіздік ICAO стандарты 47%-ды ғана құраған. Осыған байланысты Еурокомиссия Air Astana-дан басқа, барлық қазақстандық әуекомпаниялардың Еуропа елдеріне ұшуына тыйым салды. Олар ұшу географиясы мен әуе кемелері паркін кеңейту мүмкіндіктеріне шектеу қойған болатын.

  Ал 2018 жылы Еурокомиссия қазақстандық әуе компанияларының Еуроодақ елдеріне ұшуына қойылған шектеулерді алып тастады. Қазақстанның сол кездегі Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек сарапшылардың ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етуде ілгерілеу барын айтқанын атап өткен болатын.

Алайда, «Bek Air» әуе кемесінің апатынан кейін Еуропалық комиссия Қазақстанның авиациялық билігінің елдегі ұшу қауіпсіздігін тиімді бақылау мен қадағалау жұмыстарына тағы да күмән келтірді.

 «2022 жылы отандық әуе компанияларының Еуропалық комиссияның қара тізіміне ену қаупі жоғары болды», — деп мәлімдеді  Азаматтық авиация комитеті.

Айта кетейік өткен жылы Қазақстан авиациясындағы қауіпсіздік ИКАО стандарты бойынша 82 пайызды құрады. Бұл еуропалық талаптың орташа көрсеткішімен тең.

Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанның Азаматтық авиация әкімшілігі Армения мен Қазақстан авиациялық қауіпсіздік саласында ынтымақтастық орнататынын хабарлаған.