31 мамырда Қазақстан шахмат федерациясы (KazChess) шахматтан студенттік спорт лигасының қорытындысын шығарды. Финал Назарбаев университетінде өтті.
Қазақстанның ғылым және жоғары білім министрлігі мен Freedom broker компаниясының қолдауымен KazChess ұйымдастырған турнирге 15 ЖОО студенттері қатысты.
Ерлер арасындағы командалық есепте бірінші орынды NU ерлер құрамасы, екінші орынды Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, үшінші орынды Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің жастары иеленді.
Қыздар арасында бірінші орынды ҚазҰУ құрамасы, екінші орынды Назарбаев университеті, үшінші орынды Нәрікбаев университеті иемденді. Студенттер ең жақсы жеке нәтижелері үшін мақтау қағаздары мен сыйлықтарға ие болды.
Бірінші студенттер лигасында тек грамоталар мен кубоктармен ғана емес, ақшалай сыйлықтар да берілді. Турнирдің жалпы жүлде қоры 3 млн теңгені құрады. Оны командалық есепте бірінші орынға қатысушылар өзара бөледі.
«Студенттердің шахматқа деген қызығушылығын, сыни ойлау мен стратегиялық жоспарлауды дамытатын зияткерлік спортты таңдауын көру қуантады. KazChess бейінді министрліктермен серіктестікте «Білім берудегі шахмат» жобасын белсенді дамыта отырып, оқушылар мен студенттер арасында спорттың осы түрін танымал етуге ерекше назар аударады. Қатысушыларды республикалық турнирлерге қатысуға ынталандырылады. Студенттер лигасы – бұл жолдағы маңызды қадамдардың бірі», — деп атап өтті KazChess бірінші вице-президенті Дармен Сәдуақасов.
Отырыс Халықаралық шахмат федерациясының рапид ережесі бойынша, Швейцария жүйесі бойынша 9 турда, 10+5 уақытты бақылаумен өтті (әрбір қатысушыға барлық партияға 10 минут + әрбір жасалған жүріс үшін 5 секунд).
Ғылым және жоғары білім министрлігі ұйымдастырған алғашқы Студенттік спорт лигасы сегіз спорт түрін біріктірді: шахмат, үстел теннисі, қазақ күресі, тоғызқұмалақ, баскетбол, жүзу, кикбоксинг және тхеквондо. Лигаға Қазақстанның 54 жоғары оқу орнынан 700-ден астам студент қатысты.