Алматы әуежайының жаңа терминалы 1 маусымнан бастап іске қосылып, таңертең терминалға Лондоннан Алматыға ұшып келген алғашқы жолаушыларды қарсы алды.
Көлік министрлігінің ақпаратына сүйенсек, Лондон-Алматы бағыты бойынша Air Astana әуекомпаниясының КС–664 рейсі әуежайға сағат 08.50-де қонды. Airbus-А321 әуе кемесінің бортында 94 жолаушы болған.
Алматыдағы жаңа терминалдан алғашқы болып Алматы-Доха бағыты бойынша Air Astana-ның КС–653 рейс жолаушылары ұшқан. Бортта 166 жолаушысы бар рейс сағат 09.50-де көкке көтерілген.
Жаңа терминалдың ауданы – 53 мың шаршы метр. Енді әуежайдың өткізу қабілеті жылына 14 миллион жолаушыға дейін өседі. Болашақта әуежайда қазақстандық және шетелдік авиакомпаниялардың 10 елге жасалатын бағыты бойынша 15 халықаралық бағыт іске қосылады деп күтілуде.
31 мамырда президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыға жұмыс сапарымен келіп, Алматы халықаралық әуежайының жаңа терминалын аралаған.
Еске сала кетсек, қаңтарда TAV Airports Holding басшысы құрылыс жұмыстарының 87%-ға аяқталғанын мәлімдеді. Ол жаңа терминал осы жылдың маусымында ашылатынын айтқан еді.