Екінші деңгейлі банктердегі өнімдер мен қызметтерді цифрландыру деңгейі қандай?

Жарияланды
банктер цифрландыруға қандай көңіл бөледі? Фото: shutterstock.com

Пандемиядан кейін барлық саладағы цифрландыру үлесінің күрт артқаны мәлім. Бұл ретте банк секторы – көшбасшылардың бірегейі. Қазір екінші деңгейлі банктердің біразы мобилді банкинг мәселесін шешіп қойды, тек енді оны алға ілгерілету мәселесіне тереңірек көңіл бөліп жатыр. Көбі ипотека рәсімдеу, автонесие рәсімдеу, қарапайым тұтынушылық несиеге өтінім беру тетіктерін цифрландырды. Бұл адамдардың уақыты мен қаржысын һәм энергиясын да үнемдейді. Бірақ процесстің бір орында тұрып қалуы тіпті мүмкін емес. Өйткені бәсекелестік күн санап күшейіп келеді.

Дәл қазір қаржы нарығын қадағалау мен реттеуді цифрландыру, жасанды интеллектті қаржы технологияларында пайдалану, сондай-ақ нарықта қаржы технологиясы мен инновацияны дамыту үшін қолайлы реттеуші орта құру мәселесі өте өзекті.

Біздің сауалымызға жауап берген RBK BANK өкілдерінің айтуынша, банк My RBK деген мобилді қосымшаны ұдайы жетілдереді.

«Қазіргі уақытта мобилді қосымшамызда 2 мыңнан астам әртүрлі қызмет төлемін ұсынамыз. Қосымшада кез келген операцияны жүргізуге болады – депозит ашу, несие алу, аударым жасау, соның ішінде шет мемлекеттерге ақша аудару, сонымен қатар әуе билетін сатып алу немесе спорттық, мәдени шараларға билет сатып алу, мемлекеттік қызметтерді пайдалану, пәтерақы төлеу сияқты қызметтердің кең көлемі ұсынылып отыр. Осылайша, біз банктің барлық маңызды мүмкіндіктерін клиенттің смартфонына көшірдік», – дейді банк баспасөз қызметі бізге берген жауабында.

Олардың айтуынша, қаржы институты сонымен бірге,  BaaS (Bank as a Service, қызмет түріндегі банк ісі) перспективасы жоғары тұжырымдама аясында өз қызметтерін табысты дамытып жатыр.

Әсіресе, корпоративті клиенттер көңілінен шығып келе жатқан «Нұрбанкте» әзірге жеке маркетплейс жоқ, дегенмен қаржы ұйымы жылдың екінші жартысында өнімдерді беру жағдайын автоматтандыруды басты мақсаттардың бірі ретінде ұстап отыр.

«Қағазбастылықты барынша азайту және банк бөлімшелерімен клиенттің өзара әрекетін қысқарту – негізгі мақсатымыз. Банк басшылығы «Нұрбанкті» жаңа жоғары сапалы цифрлық деңгейге шығару үшін банктің жаңа цифрлық қызметтерін, сондай-ақ қолданыстағы мүмкіндіктерін жаңғыртуға мүмкіндік беретін бірқатар шешімдер қабылдады. Өзгерістер блоктардың негізгі бағыттарына – шағын және орта бизнес және бөлшек бизнеске, транзакциялық бизнеске әсер ететін болады. Сонымен қатар біз қазір «Астана» халықаралық қаржы орталығы, цифрлық активтер биржаларымен және блокчейн индустриясының өкілдерімен өзара әрекеттер жасап жатырмыз», дейді.

2023 жылы банк электронды ақша шығарды, бұл «Нұрбанкке» технологиялық банктік сервистерді енгізу нарығындағы көшбасшылардың қатарына қосылуға мүмкіндік берді. Жақында «Нұрбанк» пен ATAIX Eurasia криптовалюта биржасы қазақстандық нарықта алғаш рет заңды тұлғаларға (цифрлық майнерлер, брокерлер және инвестициялық қорлар) фиат баланстарынан қаражат алу сервисін бірлесіп іске қосқан.

Цифрландыруды белсенді дамытып жатқан банктің бірі – «Еуразиялық» банк.

«Өзіміздің жеке маркетплейсті жасаудың орнына біз BaaS (Software as a Service) моделі бойынша жұмыс істеп тұрған және жаңа алаңқайлармен серіктестік орнатуға көңіл бөлдік. Олар – негізінен, серіктестік сауда желілері, ірі электроника дүкендері және автосалондар. Бұл модель банктік қызметті пайдаланушыға қажетті жерде жедел әрі сапалы жеткізуге мүмкіндік береді. Оның үстіне сол арқылы клиент тәжірибесін де байыта түседі», дейді.

Банктің бүкіл қызметін онлайн форматта алуға болады. Тіпті өтінім беру кезінде азамат банктің клиенті болмаса да өнім мен қызметті тұтынуға мүмкіндік алады. Мобилді қосымшадағы банк қызметтері мен өнімдердің жиынтығына енді мемлекеттік сервистер де қосылады.

«Сіздің банк цифрлық маркетплейс арқылы өсіп келе жатқан нарықтық сұранысты қанағаттандыру тұрғысынан алдыңғы қатарға шыға алды ма?» деген сауалға «ВТБ (Қазақстан) Банк» былай жауап береді:

«Бүгінгі таңда VTB KZ Online жеке тұлғаларға арналған банктік қосымшада теңгемен немесе рубльмен шот немесе салым ашуға, аударым жасауға, оның ішінде халықаралық валюталарды айырбастауға және олардың өзекті бағамдарын қарауға болады. Сондай-ақ шоттар, карталар және жинақтар бойынша үзінді көшірмелерді қарауға және алуға мүмкіндік бар. Банк мобилді қосымшаның функционалғын үнемі дамытып жатыр. Сонымен қатар оның сапасын, сондай-ақ қызмет көрсету мүмкіндіктерін ұдайы жетілдіреді, жылдамдығын жақсартады. Биыл жаңа цифрлық платформаны іске қосу жоспарлануда, онда банктің барлық дерлік қызметтері, оның ішінде «Мир» карталарын және онлайн қолма-қол кредиттерді ресімдеу сервистері пайда болады. Жеке тұлғалар 5 млн теңгеге дейінгі сомаға кепілсіз қашықтықтан кредит ала алады», деп түсіндіреді қаржы институты өкілдері.

Home Credit Bank өз кезегінде барлық өніміміз дәстүрлі арналарда да, онлайн форматта да қолжетімді дейді.

«Банктің барлық өнімі бойынша қызмет көрсету де цифрландырылған және біз қызмет көрсету сапасын жақсарту бойынша үнемі жұмыс істейміз. Банктің клиентпен көп арналы өзара іс-қимылын қамтамасыз етуге әркез назар аударамыз. Жаңа және бұрыннан бар клиенттер үшін өнімдерімізді желіде ашу бірнеше минуттан аспайды, ал егер онлайн депозиттер мен виртуалды карталар туралы айтатын болсақ, олар бірнеше секундта бірер мәрте басу арқылы ашылады«, деп түсіндіреді банктің баспасөз қызметі.

Freedom Bank қаржы нарығындағы қызметі басталғаннан бері өзін цифрлық банктік өнімдер мен қызметтерді ұсынуға мамандандырылған data-driven банкі ретінде танытты.

«2021 жылы банк ипотекалық несие алуды цифрландырды және әлемдегі алғашқы цифрлық ипотеканы іске қосты. Біраз уақыт өте Қазақстандағы алғашқы инвестор INVEST CARD картасын және басқа да бірқатар цифрлық карталарды ‒ FREEDOM CARD мультивалюталық картасын және FREEPAY кредиттік лимиті бар қарыздарды өтеу картасын шығарды. 2022 жылы банк «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасы бойынша цифрлық ипотеканы, цифрлық автонесиені және тегін терминалды, бөліп-бөліп сату мүмкіндігі және овердрафты бар ЖК үшін FREEDOM BOX кешенді шешімін іске қосты. 2023 жылы өз бағдарламасы және «Даму» мемлекеттік бағдарламасы бойынша бизнес үшін банк бөлімшелеріне бармай-ақ цифрлық несие алу мүмкіндігін жолға қойды. Қазіргі уақытта барлық заңды тұлғаларға қызмет көрсетуді толығымен цифрлық ету үшін кейбір ішкі процестер цифрландырылып жатыр», дейді.

Банк баспасөз қызметінің бізге берген жауабына сүйенсек, бүгінгі күні банктің өзінің маркетплейсі жоқ, осы жылдың сәуір айында іске қосылған SuperAPP, мобилді қосымшасы цифрлық маркетплейстің аналогы ретінде әрекет етеді, онда банктің барлық негізгі өнімдері жинақталған.

Қазіргі уақытта елдегі банктердің онлайн-сервисін пайдаланушылар саны 22 миллионға жеткен. Мобилді банкинг бойынша, әсіресе, қолма-қолсыз операция қызметі ерекше танымал. 10 қолма-қол ақшасыз операцияның 9-ы онлайн режимінде жүзеге асырылады.

2023 жылдың бірінші жарты жылдығының қорытындысы бойынша, қолма-қолсыз операция құрылымындағы онлайн-операция үлесі 73,5 пайызды құраған. Бұл – бүкіл көлемнің 85,8 пайызы. Күн сайын цифрлы банкинг көмегімен жалпы сомасы 297,7 млрд теңге болатын 21,3 млн операция орындалып отырған.

2023 жылдың 1 желтоқсанындағы жағдай бойынша, Google Play рейтингінде Kaspi.kz суперқосымшасы бірінші орында тұр. Бұл қосымша 10 миллионнан астам жүктелген. Бұл да өз кезегінде абсолютті рекорд саналады. Екінші орында – Halyk Kazakhstan мобилді қосымшасы. Оны да пайдаланушылар 10 миллионнан астам рет жүктеліпті. Үздік үштікті «Береке Банктің» B-Bank қосымшасы түйіндейді. Apple App Store рейтингінде де алғашқы екі орын Kaspi.kz пен Halyk Kazakhstan тұр. Үшінші орынды BCC.KZ және Jusan өзара бөліседі.

Сондай-ақ оқыңыз