Ломбардтар биржаға шығуға асығып отырған жоқ

Жарияланды
Ломбардтар неге биржаға шыққысы келмейді? Фото: Илья Ким

Соңғы төрт жарым жылда отандық микроқаржы ұйымдары (МҚҰ) мен кредиттік серіктестіктерге биржада облигация орналастару құқы берілді, бірақ осы уақыт аралағында Қазақстандағы 500-ден астам ломбардтардың тек үшеуі ғана биржа негізінде капитал тартуға түпкілікті мән берген.

Облигациялар орналастыру бойынша таяуда жүзеге асқан кезекті шара Birinshi Lombard-қа тиесілі. Аталған компания өткен айда жылдық купондық мөлшерлемесі 24% болатын бір жылдық облигациялар орналастырып, 349,9 млн теңге тартты. Ұсынысқа қатысты сұраныс 99,96%-ды құрады. Айта кетететін жайт – берілген (және қанағаттандырылған) өтініш біреу ғана.

Негізгі үшеу

Бүгінде Қазақстан қор биржасында (KASE) бар болғаны үш ломбардтың облигациялары тіркелген, олар – жоғарыда айтылған Birinshi Lombard, «Сейф-Ломбард» және «Ломбард Прогресс» (АIX биржасында ломбардтар тарапынан облигация орналастырғандары болған жоқ). KASE-нің баспасөз қызметі өкілдері айтып өткендей, ломбардтардың облигацияларын негізінен жеке тұлғалар, брокерлік компаниялар және инвестициялық қорлар сатып алуда.

«KASE-нің екінші деңгейдегі нарығында сатылған аталған ломбардтардың облигациялық шығарылымдарының сауда көлемі 486,9 млн теңгені құрады. Негізгі инвесторлар заңды тұлғалар деуге болады, яғни брокерлік компаниялардың клиенттері, олардың саудадағы үлесі 64,4%-ды құрады, жеке тұлғалардың қатысу үлесі – 31,1%, брокерлік компаниялардың үлесі – 4,5%», – деп хабарлады Қазақстан қор биржасының мамандары.

Әдетте қор биржасында облигацияларын Birinshi Lombard жиі орналастырады – 15 орналастыру шарасы барысында компания 4,814 млрд теңге тартты (2023 жылы екі орналастыру шарасы жүзеге асқан жоқ, себеп – сұраныстың қанағаттанарлықсыз деңгейі: 2,6% және 5% шамасында).

«Сейф-Ломбард» биржаға екі рет шығып, жиынтық түрде 1,339 млрд теңге тартты. Айта кету керек, сектор бойынша биржаға бірінші болып шыққан да дәл осы компания – 2021 жылдың наурызында ол жылдық мөлшерлемесі 16% болатын 489 млн теңгенің үш жылдық облигацияларын орналастырған болатын.

Ал «Ломбард Прогресс» облигацияларына жазылу тек бір рет қана жүргізілді – компания былтыр желтоқсанда 24% жылдық мөлшерлемемен дебюттік шығарылымын жүзеге асырды. «Мейлінше жоғары купондық мөлшерлеме әлеуетті инвесторлар тарту үшін қажет», -деп түсіндіреді «Ломбард Прогресс» компаниясының құрылтайшысы Евгений Глазинский.

Айта кетсек, актив көлемі бойынша қазақстандық ломбардтардың ішінде «Ломбард Прогресс» 83-орында (348 млн теңге), Birinshi Lombard – алтыншы орында (19,6 млрд теңге), ал «Сейф-Ломбард» – төртінші орында тұр (27,6 млрд теңге).

Ақталмаған шығын…

Евгений Глазинскийдің айтуынша, қарыз капиталы нарығына шығуда отандық ломбардтар үшін басты кедергілер – биржаға шығудың және қарыз құнының қымбат болуы. Биржаға шығу үшін ломбардтарға ақша шығынын талап ететін бірқатар процедуралардан өту керек, мысалға, аудит жүргізу (ломбардтар тоқсанына бір рет Ұлттық Банкке аудиттелмеген есеп береді), бағалы қағаздарды шығарып, орналастыру үшін ҚР ҚНРДА және KASE-мен үйлестіріп, келісу деген сияқты. Брокердің сүйемелі үшін де ақша төлеу керек. «Биржаға шығу –айтарлықтай қымбат әрі көп еңбекті қажет ететін шара, әсіресе, шағын компаниялар үшін», – дейді «Ломбард Прогресс» құрылтайшысы. Бағалы қағаздар эмиссиясын ұйымдастыру үшін «Ломбард Прогресс» шамамен 10 млн теңге жұмсаған.

Өз кезегінде «Сейф-Ломбард» өкілдері өзге де шығындарды алға тартады: Орталық депозитарийдің комиссиялары, жарнама бюджеті, қосымша қызметкерлер жалдау немесе аутсорсинг мамандарын тарту дегендей. Соңғысы, мысалға, шығарылым проспектісін дайындап, қор биржасында ақпаратты ашып, тарату, бағалы қағаздарды есепке алу және ХҚЕС стандарттарына сәйкес есеп беру үшін қажет.

«Шағын компаниялар үшін облигациялар шығарылымын ұйымдастыру айтарлықтай қымбатқа түседі. Шағын компания тартатын ақша ауқымы көп болмауы мүмкін, бірақ ол төлеуі тиіс комиссиялар 1 млрд теңге сомасынан аз болатын кез келген шығарылым үшін бәрібір бірдей», – дейді Глазинский. Бүгінгі таңда KASE-нің «Баламалы» алаңында биржаға кірудегі листинг алымы 300 АЕК-тен басталады (2024 жылы: 1 107 600 теңге). Оның сыртында бағалы қағаздар ресми тізімде қалуы үшін жыл сайын кем дегенде 100 АЕК (369,2 мың теңге) төлеп отыру керек.

«Микроқаржы қызметтерін ұсынатын кез келген ұйым қосымша қаражат тарту үшін қосымша міндеттеме жүктей бермейді. Өз кезегінде ломабрдтар ескеретін тағы бір маңызды тәуекел – олардың облигациялары әлеуетті инвесторлар арасында сұранысқа ие болмауы да мүмкін», – деп түсіндіреді KASE өкілдері, көптеген ломбардтар жаңа шығын шығаруға дайын емес дегенді қосып.

«Қазақстан ломбардтарының ұлттық лигасы» қауымдастығының төрағасы Роберт Абзалилов ломбардтардың көпшілігінде «ауқымды сомаға деген айтарлықтай қажеттілік жоқ» деп отыр, оның пікірінше олар үшін «қазір қолданыста бар айналым капиталындағы қаражат сомасы жеткілікті». Биржа арқылы қор қаражатын тарту қосымша уақыт және ақша шығынын талап етеді, сондықтан да көптеген ломбардтар үшін бұл ақталмаған шығын іспетті көрінеді.  Жалпы, Қазақстанда ломбардтардың қорын қаржыландырудың негізгі көзі – олардың өз жеке қаражаты деп есептейді Абзалилов.

Ал «Сейф-Ломбард» өкілдері болса: дебютант эмитенттер ұсынатын купондық облигациялар бойынша сыйақыға инвесторлар тарапынан үміт жоғары болуы мүмкін дегенді ескертеді, осының өзі ломбардтардың қарыз капиталы нарығына шығу жолын одан әрі қиындата түседі.

Жағымсыз образ

Глазинский сондай-ақ, бұқаралық ақпарат құралдарында ломбардтар туралы жағымсыз пікір қалыптасқанын алға тартады, бұл да мұндай компаниялардың биржаға шығу жолындағы кедергінің бірі болса керек дейді ол. Спикердің пікірінше, жұртшылық ломбардтарды «байғұс халықтың қолындағы соңғы дүниесін тартып алуды көздейтін өсімқорлар деп есептейді». Бірақ анығын айтқанда, соңғы жылдары мемлекет ломбард секторы үшін қатаң талаптар енгізген. Роберт Абзалиловтың айтуынша, осынау қатаң талаптар ломбардтар санының дереу қысқаруына септік еткен: егер 2020 жылы (күшейтілген талаптар енгізілгенде) елімізде 3089 ломбард болса, қазір олардың саны 518 ғана.

Биржада облигациялар орналастыру үшін ломбардтар рейтингтік агенттіктердің кредиттік рейтінгтерін ұсынуға міндетті емес (мысалға, акциялар эмитенттерімен салыстырғанда, олар үшін рейтингтің болуы басты критерийдің бірі). Содан да бөлшек инвестор үшін эмитент облигацияларының тәуекелдерін бағалау қиынға соғады, ал институционалдық инвесторлар рейтингі жоқ бағалы қағаздарды заң бойынша сатып ала алмайды, деп қосады өз кезегінде «Сейф-Ломбард» өкілдері. Бірақ облигациялардың кредиттік тәуекелі жоғары болғандықтан да ломбардтардың облигацияларын табыстылығы жоғары облигациялар қатарына жатқызуға болады, дейді өз кезегінде BCC Invest  компаниясының жетекші сарапшысы Дария Мухлисова.

Дегенмен, үміт те жоқ емес…

Айтпақшы, ломбардтармен салыстырғанда қазақстандық микроқаржы ұйымдары KASE алаңында да (21 МҚҰ), AIX алаңында да (4-ден кем емес) белсенді түрде ақша тартып жүр. 2024 жылдың басындағы мәлімет бойынша Қазақстанда 229 МҚҰ және 518 ломбард тіркелген.

Астана қор биржасының мамандары капитал нарығына деген қызығушылық аясындағы мұндай диспрапорцияның себебін бизнес көлемімен түсіндіреді – ломбардтардың қызмет аясын облигациялар шығаратын микроқаржы ұйымдарымен мүлдем салыстыруға келмейді деп отыр олар. Егер елімізде жұмыс істеп жатқан барлық МҚҰ мен ломбардтардың меншікті капиталының орташа және медиандық мәніне назар аударар болсақ, онда МҚҰ капиталы ломбардтар капиталынан сәйкесінше бес және үш есе жоғары екенін байқай аламыз (сәйкесінше МҚҰ 1,762 млрд теңге, ломбардтар 360 млн теңге; 244 млн теңге және 81 млн теңге).

Дария Мухлисова болса, қарыз капиталы нарығында отандық микроқаржы ұйымдарының белсенді болып, ломбардтардың сылбыр әрекет етуін олар қолданатын әртүрлі бизнес модельдермен түсіндіреді. «Микроқаржы ұйымдарынан қамтамасыз етілмеген микрокредит алу жылдам әрі оңай, содан да қарыз алушы үшін МҚҰ ұсынысы тартымды көрінеді, айталық, кепілге бағалы бір зат қалдырып (әдетте зергерлік бұйымын) қарыз алғаннан гөрі. Оның сыртында, кепілге қалдырылған заттың есептік құны сыртқы факторлардың ықпалымен біршама төмен болуы да мүмкін, – дейді ол. – Нәтижесінде – микроқаржы ұйымдарының кредит портфелі қарқындап өсіп жатады (қарыз алу жылдам болғасын), сөйтіп, қарызға алған қаржы да мақсатты нысанға тездетіп жұмсалады».

Ломбардтарға облигациялар нарығында микроқаржы ұйымдарымен бәсекеге түсу қиынға соғады деп отыр BCC Invest жетекші сарапшысы, әрі бұл арада имидждік құрам да жоқ емес. Яғни, МҚҰ жылына 20–25% болатын жоғары купондық мөлшерлемемен тұрақты негізде облигациялар орналастырып, купондық төлемдерді дер кезінде төлеп отырады және жалпылай алғанда олардың беделі де тәуір. KASE өкілдері де бұл нарықта МҚО көп деп отыр, олардың айтуынша, әдетте олардың табыс тарихы ұзаққа негізделген, араларында тіпті танымал бренд деңгейіне шығып, кредит рейтингін алғандар да бар.

Ал Роберт Абзалиловтың айтуынша, соңғы бес жылда ломбардтар үшін бизнесті дамытуды жоспарлау тіпті де оңай емес, өйткені елімізде микроқаржы қызметін реттеу барысы күшейтілді. Оның пікірінше, жаңа заңнамалық шектеулер ломбард қызметінің ерекшеліктерін есепке алып отырған жоқ және кірістілік, рентабельдік көрсеткіштеріне әсер етуде. Мұндай талаптарға қарап инвесторлар ломбардтардың төлем қабілетіне күмән келтіреді дейді ол.

Әйтсе де, сырт көз сарапшылардың пікірінше, таяу келешекте нарық ішінде отандық ломбардтар үшін жаңа мүмкіндіктер туындауы әбден мүмкін, бұл өзгерістер тіпті сектор ішіндегі өзге ойыншылардың биржаға шығуына жол ашуы ықтимал. Биыл сәуір айының басында ҚР ҚНРДА екінші деңгейдегі банктер мен микроқаржы ұйымдарына қайтару мерзімі 90 күннен асқан кредит қарызы бар азаматтарға кредит беруге тыйым салатын заң жобасын ұсынды. «Бұл өзгерістер клиенттердің ломбардтарға қарай ығысуына септік етіп, ломбардтардың кредит портфелін өсіруді ынталандыратын тетік ретінде қалыптасуы мүмкін», – деп болжайды Дария Мухлисова.

Ол сондай-ақ, алтын фьючерстерінің қымбаттауын да ломбардтар үшін қолайлы фактор деп отыр. Өйткені, ломбардтарда кепілге қойылатын негізгі заттың бірі бағалы металл, ал оның ликвидтілігіне ешкім күмән келтірмейді. «Мұндай өнімдермен жүргізілетін операциялар оңай жүзеге асады, сондықтан да ломбардтардың тәуекелдері кепілге қойылған затты сату негізінде қайта ретке келіп, тегістеледі», – деп түйіндейді Дария Мухлисова.

Сондай-ақ оқыңыз