Мемлекет банктермен бәсекеге түсіп отыр: Сарапшылар ипотекалық бағдарламалар нарықтың дамуына кедергі келтіретінін айтады
Halyk Finance сарапшылары елдегі мемлекеттік баспана саясаты (ипотекалық бағдарламалар) тиімді болғанымен, әлемдік озық тәжірибеге сай келмейді деп тұжырымдайды. 2004 жылы іске қосылған саясаттың түйкілді тұстары көп.
Halyk Finance мамандары Қазақстанның ипотека нарығына мемлекеттің араласуы жақсы нәтиже беріп отырмағанын айтады. Мемлекеттік бағдарламалар елдері орта тапқа тұрғын үй несиесінің қолжетімділігін азайтып, тұрмысы төмен отбасыларға да нәтижелі көмектесіп жатқан жоқ деп санайды.
Ипотеканы төлей алатын адамға беру керек
Қазақстандағы тұрмысы төмен отбасылардың ипотека алып, оны төлеуге жағдайы жетпейді. Қазіргі мембағдарламалардың пайыз нарықтан төмен болса да, аз қамтылған отбасылардың ипотеканы толық төлеуге шамасы жетпей қалуы ықтимал. Өйткені олардың кірісі несие төлемін толық өтеуге жетпей жатады. Көптеген елдерде ипотека орта және жоғары табысы бар адамдарға арналған. Сондықтан мемлекеттік ипотекалық бағдарламалар табысы төмен азаматтарға емес, орта тапқа бағытталуы керек.
Сарапшылар тиімді мемлекеттік тұрғын үй саясаты табысы аз және әлеуметтік осал азаматтарға субсидия мен көмек көрсету жүйесін қамтуы тиіс деп пайымдайды. Сонымен қатар орта тап үшін тұрғын үй нарығын оңтайландыру шараларын қамтуы тиіс.
Қазақстандағы ипотекалық бағдарламалар орта таптың проблемаларын елемей, аз қамтылған халыққа бағытталған.
Сарапшылар негізгі түйткіл – осы салада мемлекеттік жүйелі талдау мен халықаралық тәжірибенің жоқтығы деп атап өтті. Halyk Finance тұрғын үй нарығы құрылыс компаниялары тарапынан тұрғын үй ұсынысы мен халықтың сұранысын есепке алуды талап ететін күрделі сектор екенін атап өтеді. Мамандар Қазақстанда ипотекалық несие нарығын дамыту мемлекеттік бағдарламалары нарықтық қатынастар мен бәсекелестіктің дамуына ықпал етпей, керісінше, кедергі келтіретінін айтады.
Мемлекет ипотеканы төмен мөлшерлемемен субсидиялау арқылы банктерге тікелей бәсекелес болып, нарықты дамытуға мүмкіндік бермей отыр. Сондай-ақ Halyk Finance арзан тұрғын үй салатын кұрылыс компанияларына жеңілдікпен несие беруді орынсыз деп санайды. Өйткені бұл нарыққа бағдарланған тәсіл емес және тек құрылыс салушыларға тиімді.
Бұған дейін сал мамандары тұрғын үймен қамтудағы теңсіздік бар екенін айтқан. Қазақстанда жұмыс бар, бірақ табыс аз, баға қымбат, үйлер ескі. Dasco Consulting Group компаниясының басқарушы директоры Дәрмен Сәдуақасов елдегі тұрғын үй нарығына қатысты талдауын таныстырған.
Зерттеуге сүйенсек, алдағы жылдары тұрғын үйге сұраныс арта түседі. Болжам бойынша, 2030 жылға қарай жалпы республика халқының саны 1,6 млн адамға өседі. Оның ішінде Астана, Алматы, Шымкент тұрғындарының саны 1,2 млн адамға көбейеді. Нәтижесінде 6 жылдан кейін қазақстандықтардың 28%-ы ірі қалаларға қоныстанады. Мәселен, ірі мегаполистерде 6,1 млн адам, қалаларда 7,8 млн адам, ауылдарда 7,7 млн адам тұруы мүмкін.