2025 жылға қарай әлемдегі негізгі жұмыстың 40% фрилансерлер атқаратын болады. Ал әлемдегі 50% қызметкер гибридті жұмыс форматына көшу үшін жалақысын қысқартуға дайын. Бұл туралы Алматыда өткен Орталық Азия елдерінің XI Халықаралық HR форумында Beeline Қазақстан компаниясының бас HR маманы Тахмина Кодири айтты.
31 мамырда Алматыда HR саласындағы жылдың басты оқиғасы Орталық Азия елдерінің XI Халықаралық HR форумы өтті. Ұйымдастырушы HeadHunter компаниясы үздіктерді марапаттап, еңбек нарығындағы өзгерістерді талқыға салды.
Маманның сөзінше, соңғы жылдары гибридті жұмыс форматына көшуге дайын және көшіп үлгерген адамдар саны еселеп артқан. Мәселен, 2020 жылы гибридті форматқа 18% көшірілсе, 2023 жылы 52%, 2024 жылы 59% адам көшіп үлгерген.
Пандемия кезінде артқан қашықтан жұмыс істеу форматы соңғы жылдары сәл кідіріп, кейін қайта белең ала бастаған. 2020 жылы қашықтан жұмыс істеу форматына 70% жұмысшы көшсе, 2023 жылы 29%, 2024 жылы 34% болған.
Керісінше тұрақты түрде кеңседе жұмыс істейтін және істеуге дайын жандардың саны жыл санап төмендеп келеді. 2020 жылы көрсеткіш 12% болса, 2023 жылы 20%, 2024 жылы 6% болған.
Қазірдің өзінде АҚШ-тағы негізгі жұмыс көзі 36% гибрид жұмыс кестесіне көшіп үлгерген. Маманның сөзінше, 2025 жылға қарай әлемдегі жұмыстың 40% фрилансерлер атқаратын болады. Болашақта негізгі жұмыс көзіне айналатын Z-ұрпақтың 52% өзі 2023 жылға қарай қашықтан жұмыс істеген.
Алайда қашықтан немесе гибрид жұмыс істеу белең алып, кеңсеге ешкім бармай қалуы мүмкін деп айтуға да болмайды. Себебі Tesla, J.P.Morgan сынды әлемдік гиганттар әлі де кеңседе қалғанды жөн санаған. Ал Apple, Airbnb, HSBC сынды техномагнаттар біртіндеп гибридті форматқа көше бастаған.
2013 жылдан бастап HeadHunter жетекші HR сарапшыларымен бірлесіп қызметкерлермен жұмыс істеудің үздік тәжірибелерін іздейді және марапаттайды. Жыл сайын қазылар алқасы бизнес-процестерді жақсартуға ғана емес, сонымен қатар жайлы, қауіпсіз жұмыс ортасын құруға бағытталған жобаларды бағалайды.