Сот Гүлмира Сатыбалды мен оның қорғаушыларының фото-видеосын БАҚ-та таратуға тыйым салды

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Сот Гүлмира Сатыбалдының фото-видеосын БАҚ-та таратуға тыйым салды / коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Артур Алескеров

Алматыда Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалдының бұрынғы әйелі Гүлмира Сатыбалдыға қатысты сот отырысы басталды. 

Гүлмира Сатыбалды мен оның қорғаушыларының өтініші бойынша Алматы қалалық қылмыстық істер бойынша ауданаралық мамандандырылған соттың судьясы Мартпек Кәкімжанов БАҚ өкілдеріне процесстегі айыпталушы Сатыбалды мен Батыршаев пен олардың адвокаттарының фото-видеосын таратуға тыйым салды. Судья Кәкімжанов соттың бұл талабы орындалмаған жағдайда жауапкершілік қарастырылғанын еске салды.

Сот барысында Сатыбалды прокурор таққан айып өзіне түсініксіз екенін айтты.  

Гүлмира Сатыбалдыға қылмыстық кодекстің 126-бабы 3-бөлігінің 3-тармағы (заңсыз бас бостандығынан айыру, ауыр зардаптарға әкеп соқтырған алдын ала сөз байласу), 194-баптың 4-бөлігінің 2-тармағы (зорлық-зомбылық қолдану қаупімен аса ірі мөлшерде бопсалау) бойынша айыпталып отыр.

Онымен бірге Мәди Батыршаев Қылмыстық кодекстің 126-бабы 3-бөлігінің 3-тармағы (заңсыз бас бостандығынан айыру, ауыр зардаптарға әкеп соқтырған алдын ала сөз байласу) айыпталып отыр.

Гүлмира Сатыбалдының осыған дейінгі істері

Гүлмира Сатыбалды – Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жиені Қайрат Сатыбалдының бұрынғы әйелі. 2005 жылға дейін Қайрат Сатыбалдымен некеде тұрған. Ортақ 3 баласы (ұлы Бауыржан және екі қызы Аружан мен Дария) бар. Бұған дейін ол 7 жылға бас бостандығынан айырылған.

Байқоңыр ауданының соты Гүлмира Сатыбалдыны Қылмыстық кодекстің 389-бабының 4-бөлігі, 28-бабының 3-бөлігі, 125-бабының 2-бөлігі 1 және 8 тармағы бойынша кінәлі деп танып, 7 жылға бас бостандығынан айырды.

Іс бойынша сотталушылардың бірі Мади Батыршаев 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Айыпталушы Рашид Өтебеков 5 жылға сотталды. Үшеуі де жазасын қауіпсіздігі орташа мекемеде өтейді.

Мемлекеттік айыптаушы Азамат Сәрсенбаев Гүлмира Сатыбалдыны мүлкін тәркілеусіз, 8 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған еді. Осы істе жәбірленуші Айгүл Мекешева 713 млн теңге материалдық шығын талап етсе, Тұрсенғали Алагөзовке 6,5 млрд теңге шығын келген.

Сонымен қатар 2023 жылдың маусым айында Қызылорда соты Гүлмира Сатыбалдыны тағы 8 жылға бостандығынан айырды. Бұл іс те бөтеннің мүлкін иемдену және жымқыру бабы бойынша қаралған. 7 адамнан тұратын топ ала сөз байласып, сеніп тапсырылған бөтен мүлікті талан-таражға салып, 441 млн теңге жымқырған. Шығын көлемі мемлекетке толық өтелді. 

Сондай-ақ оқыңыз