Қазақстанның ЖІӨ көлемі 265 млрд долларды құрады
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыда Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Парламенттік Ассамблея Кеңесінің отырысына қатысушылармен кездесу өткізді.
Жиын барысында ол спикерлерге Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформалар қоғамның барлық саласын, соның ішінде саясат, экономика және идеология бағыттарын жүйелі түрде жаңғыртуды көздейтінін айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев экономика саласына тоқтала келіп, еліміздің ЖІӨ көлемі 265 млрд долларға жеткенін мәлімдеді.
«2023 жылы шетелден 23 млрд доллардан астам тікелей инвестиция тартылды. Еліміздің халықаралық резервтері 100 млрд долларға жуықтады. Халықаралық валюта қорының болжамы бойынша биыл Қазақстанның жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнімі 13% өсіп, шамамен 15 млрд долларды құрауға тиіс. Жақында мен кәсіпкерлік еркіндік пен бәсекелестіктің дамуын қамтамасыз ету, мемлекеттің экономикадағы үлесін қысқарту және бизнес шығындарын азайту арқылы экономиканы ырықтандыруға негіз қалайтын Жарлыққа қол қойдым. Экономикалық қызмет саласындағы қылмыстық құқықбұзушылықтарды декриминализациялау арқасында бизнестің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау ісі айтарлықтай күшейді», – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев ҰҚШҰ елдерімен арадағы сауда-саттықтың қарқынды өсіп келе жатқанына көңілі толатынын жеткізді.
Былтыр Қазақстан мен Ресейдің сауда көлемі 26 млрд долларға жетті. Ал Қырғызстанмен арадағы сауда айналымы 1 млрд 571 млн долларды, Тәжікстанмен 1 млрд 130 млн долларды, Беларусьпен 912 млн долларды құраған.
Бұған дейін Президент астанасын Шығыс Иерусалим деп белгілеп, Палестина мемлекетін құруды ұсынды.