Қазақстанда 2050 жылға қарай егде жастағылардың саны өсіп, еңбекке қабілетті адамдарға түсетін жүктеме артады
Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша 2024 жылғы 1 қаңтарға ел халқының саны – 20 млн-нан асты. Қазақстанда халық саны 2050 жылдың соңына қарай 26,3 млн адамға жетеді деп болжануда. Бұл туралы БЖЗҚ хабарлады.
Бұл ретте жас топтары бойынша олардың үлесі:
- 25 жасқа дейін – 8,5 млн адам (42,6%);
- 25 жастан 65 жасқа дейін – 9,7 млн адам (48,5%);
- 65 жастан асқан – 1,8 млн адам (8,9%).
Халықтың өмір сүру ұзақтығы арта ма?
Өмір сүру ұзақтығы пандемия жағдайында (2020-2021) төмендегеннен кейін 2021 жылғы 70,23-тен 2023 жылы 75,09 жасқа дейін өсті.
БҰҰ-ның да болжамдары өмір сүру ұзақтығының ұлғаюына байланысты 2050 жылға қарай демографиялық қартаюдың жоғары деңгейі байқалатынын көрсетеді. 60 және одан жоғары жастағы адамдардың үлесі 2008 жылғы 9,7%-дан 2023 жылы 13,6%-ға дейін өсті. Бұл көрсеткіш 2050 жылға қарай 16,7%-ға дейін артады. Яғни 2050 жылға орта есеппен әрбір алтыншы қазақстандық 60 және одан жоғары жаста болады.
Бала туу көрсеткішінің төмендейді
Халық құрылымына әсер ететін негізгі факторлардың бірі – жиынтық туу коэффициенті (ЖТК). Ол бір әйелді (яғни 15 пен 50 жас аралығында) орташа есеппен қанша рет босана алатынын көрсетеді. 2022 жылдан бастап бұл көрсеткіштің 2023 жылы 3,05-тен 2,96-ға дейін төмендеуі байқалды.
«БҰҰ болжамдарына сәйкес Қазақстандағы туу коэффициентінің 2050 жылға қарай бір әйелге шаққанда 2,42 балаға дейін одан әрі төмендеуі күтілуде. Бала туу көрсеткішінің төмендеуі – бүкіл әлем үшін жаһандық үрдіс. Туу көрсеткіштерінің біртіндеп төмендеуі және өмір сүру ұзақтығының ұлғаюы жағдайында 1 еңбекке қабілетті адамға түсетін демографиялық жүктеме артады», – деп хабарлады БЖЗҚ.
Еңбекке қабілетті жастағы адамдардың үлесі төмендейді
Еңбекке қабілетті жастағы адамдардың (25-64 жас) зейнеткерлерге (65+ жас) арақатынасы 2012 жылғы 7,7-ден 2023 жылы 5,49-ға дейін төмендеді.
БЖЗҚ мен БҰҰ болжамдарына сәйкес, Қазақстанда әлеуетті қолдау коэффициентінің 2050 жылға қарай шамамен 4,0-ге дейін төмендеуі жалғасады. Бұл еңбекке қабілетті халыққа түсетін «жүктемені» арттырады.
Жалпы Қазақстанда зейнетақы қорындағы салымдары бойынша 31-40 жас аралығындағылар көш бастап тұр.