Қазақстанда кейінгі төрт жылда алғаш рет азық-түлік бағасы арзандады

Жарияланды (жаңартылды )
Азық-түлік тауарларының бағасы 0,2% төмендеді / Коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Артур Алескеров

2024 жылғы мамырда сәуір айымен салыстырғанда азық-түлік бағасы 0,2%-ға арзандады. Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйенсек, 2020 жылдың тамызынан бері алғаш рет баға төмендеді.

«Бұл динамика ішінара маусымдық сипатқа ие. Осылайша қияр – 29%, қырыққабат – 19,1%, қызанақ – 15,4%, тәтті бұрыш – 5,8%, сарымсақ 5,3% арзандады. Бұл ретте жұмыртқа – 9,8%, қарақұмық жармасы – 3,3%, күнбағыс майы – 2,1%, арпа жармасы – 1,1% арзандады», – деп хабарлады Бірінші кредиттік бюро.

Ал пияз бағасы – 28,3%, картоп – 18%, қызылша – 15,5%, сәбіз – 7% қымбаттады. Айтпақшы, өндіру көлемі азайып бара жатқан қант бағасының ай сайынғы өзгерісі туралы статистика әлі жарияланбады.

Өңірлер арасында ең жоғары айлық инфляция Астана қаласында – 1,2% (орташа республикалық деңгейден 0,8 п.т. жоғары), ең төменгі – Ұлытау облысында 0,1% тіркелді. Тұтыну бағасының индексі Шымкент қаласында, Ақтөбе, Алматы, Жамбыл, Түркістан облыстарында 100% құрады.

Өңірлер бөлінісінде ең жоғары азық-түлік тауарларының бағалары Атырау және Батыс Қазақстан облыстарында – 0,4%, азық-түлік емес тауарларына – Маңғыстау облысында 1,2%, ақылы қызметтерге – Астана қаласында 2,5% өсті.

2024 жылғы мамырда жылдық мәнде инфляция деңгейі 8,5% құрады. Ақылы қызметтер – 13,9%, азық-түлік емес тауарлар – 7,6%, азық-түлік тауарларының бағасы 5,5% өсті.

2023 жылдың мамыр айымен салыстырғанда тарифтер су бұруға – 43,9%, суық суға – 35,9%, ыстық суға – 35%, орталықтандырылған жылытуға – 33%, электр қуатына – 31,4%, қоқыс шығаруға 31,2% өсті.

Ацетилсалицил қышқылы бағасы – 63,6%, белсендірілген көмірге – 32,5%, парацетамолға 28,4% жоғарылады. Зәйтүн майы – 20,1%, АИ-98 маркалы бензин – 19,8%, сәбіз – 18,4%, күріш – 17,4% алма – 16,8%, темекі өнімдері 16% қымбаттады.

Сондай-ақ оқыңыз