«Самұрық-Қазына» қоры мемлекетке тағы 63,5 млрд теңге дивиденд төлейді
«Самұрық-Қазына» қоры өзінің жалғыз акционері – Қазақстан Үкіметіне 2022 жылға қордың бөлінбеген кірісінен дивиденд ретінде қосымша 63,5 млрд теңге төлейді, деп хабарлайды KASE.
Дивидендтер шешімге қол қойылған күннен бастап бес күннің ішінде төленеді.
«Бұл ретте бір акция бойынша оның мөлшері 18,25 теңгені құрайды», – деп жазылған құжатта.
Сондай-ақ Қор 1,3 млрд теңгеге Авариялық медицина ұлттық үйлестіру орталығын және 105,9 млрд теңгеге елдімекендерді газбен қамту жобаларын қаржыландырады.
Бұл қордың Үкіметке 2022 жылға төлеген алғашқы дивиденді емес. 2023 жылдың соңында «Самұрық-Қазына» қоры 238 млрд теңге рекордтық дивиденд төледі. Жалпы бұған дейінгі төлемдердің жалпы сомасы 460 млрд теңгені құрады.
Ал 2024 жылғы сәуірде «Самұрық-Қазына» Үкіметке қосымша 100 млрд теңге дивиденд төлейтіні хабарланды.
Қордың 2022 жылғы бөлінбеген кірісінен 100 млрд дивиденд төлеу туралы Үкімет қаулысы 2024 жылдың 13 сәуірінде қабылданған. 1 қарапайым ақцияға шаққандағы дивиденд көлемі 28,72 теңгені құрайды.
Былтыр қор 2022 жылғы таза пайдасынан 328 млрд теңге дивиденд төлеген еді. «Самұрық-Қазынаның» алдыңғы жылғы таза пайдасы жоспарлы 1,556 трлн теңгеден асып, 1,922 трлн теңгені құрады. Қордың бір қарапайым акциясына есептегендегі 2022 жылғы дивиденд мөлшері 68,36 теңге болды.
Сонымен қатар қор таза кірісінің кем дегенде 7% мөлшерін жарғысында көрсетілген тәртіппен «Қазақстан халқына» қоғамдық қорына аударады. 2022 жылғы табысынан «Қазақстан халқына» қорына 66 млрд теңге бағыттады. Қоры тобының активтерін жекешелендіруден Ұлттық қорға 92 млрд теңге бөлген.