Астанасы – Шығыс Иерусалим: Қасым-Жомарт Тоқаев Палестина мемлекетін құруды ұсынды

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
палестина
Бұл туралы Тоқаев Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Парламенттік Ассамблея Кеңесінің отырысында айтты / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Артур Алескеров

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыда Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Парламенттік Ассамблея Кеңесінің отырысына қатысушылармен кездесу өткізді. Жиын барысында ол астанасын Шығыс Иерусалим деп белгілеп, Палестина мемлекетін құруды ұсынды.

«Бүгінгі кездесу халықаралық ахуал тым шиеленіскен жағдайда өтіп отыр. Геосаяси текетірес өршіген кезде өңірлік қауіпсіздікке төнетін қауіп-қатердің ауқымы да айтарлықтай өзгерді. Әлемдегі қақтығыс қауіпті деңгейге жетті. Әсіресе, Таяу Шығыстағы ахуал қатты алаңдатады. Газа секторында күн сайын жүздеген адам қаза тауып, жарақат алып жатыр. Олардың арасында қарапайым азаматтар, әйелдер мен балалар бар. Миллионнан астам бейбіт тұрғын қиын жағдайға тап болды. Барлық негізгі халықаралық ұйымдар Палестинадағы гуманитарлық ахуалды мүшкіл деп атады. Шын мәнінде, апатты жағдай шегіне жетуге таяп қалды, – деді Президент.

Мемлекет басшысы бұл мәселеде Қазақстан өз ұстанымынан ешқашан айнымайтынын тағы да растады.

«Оның айтуынша, ұзақ жылға созылған қақтығыстың жалғыз шешімі – «қос халық үшін екі мемлекет» формуласы негізінде астанасын Шығыс Иерусалим деп белгілеп, Палестина мемлекетін құру. Сонымен қатар Президент палестиналықтардың Ұйымға мүше болу құқығын мойындау туралы БҰҰ Бас Ассамблеясының биыл 10 мамырда қабылдаған қарарын құптады», – деп хабарлады Ақорда.

Мемлекет басшысы Ресейдің ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясына тұрақты мәртебе беру туралы ұсынысын қолдайтынын айтты. Президент басқа елдердің делегацияларын осы бастаманы қолдауға шақырды.

Бұған дейін Нетаньяху Палестина мемлекеттігін ресми мойындаған Еуропа елдерінің әрекетін сынға алды.

Сондай-ақ оқыңыз