Жаңалықтар

«Aktobe Open 2024» шахмат турнирі: жеңіс ирандық гроссмейстерге бұйырды

шахмат турнирінде
Aktobe Open 2024 шахмат турнирінде ирандық Пархам Магсудлу 1 орынға ие болды / 1Фото: Қазақстан шахмат федерациясы

Ақтөбеде өткен «Владимир Дворковичтің мемориалы – Aktobe Open 2024» халықаралық шахмат турнирінде ирандық Пархам Магсудлу жеңіске жетті. Бұл жайлы KazChess шахмат федерациясының баспасөз қызметі хабарлады.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл турнирде 21 елдің 100-ден астам атақты шахматшылары бақ сынаған. Шараны ҚР Туризм және спорт министрлігі, ФИДЕ, Ақтөбе облысы әкімдігі және Қазақстан теннис федерациясының қолдауымен KazChess /Қазақстан шахмат федерациясы ұйымдастырған. Бұл классикалық шахматтан ерлер мен әйелдер арасындағы 2024 жылғы Республикалық кубогының 1-кезеңі саналады.

Аталмыш шараның бас демеушілері Freedom Holding Corp. пен Ақтөбе мыс компаниясы. 2 маусым күні аяқталған турнирдің сыйлық қоры 100 мың долларды құраған. Нәтижесінде жарыс жеңімпаздарына ақшалай сертификаттар, медальдар мен кубоктар тапсырылған. Марапаттау рәсіміне Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Ғалымжан Елеуов пен KazChess басшылары табыс еткен.

Бірінші орынға 9 турда 7½ ұпай жинаған ирандық супер гроссмейстер Пархам Магсудлу шыққан. БАҚ-та «ирандық Каспаров» деп аталып кеткен шахматшыға бас жүлдемен бірге 9 млн теңге сыйақы табыс етілген.

Екінші орынның 7 млн теңгелік жүлдесін Сербия атынан шығып жүргенойыншы Александр Предке алған. Ол сайыста 7 ұпай жинаған. Үшінші орынды да сербиялық ойыншы ұтып алды. Негізінен төрт шахматшы 6½ ұпай жинаған. Бірақ қосымша көрсеткіштер бойынша, яғни Бухгольц коэффициенті бойынша Сербия құрамасының ойыншысы Алексей Сарана үшінші орынға лайық деп танылған. Оның жүлделік табысы – 5 млн теңгені құрайды.

Солайша қытайлық Бу Сянчжи, армяндық Шант Саргсян және Беларусь өкілі Михаил Никитенко 6½ ұпаймен үздік үштіктен тыс қалған.

6 ұпай жинаған 11 шахматшының арасында Денис Махнёв 13-орынға жайғасқан. Үздіктермен бірге бақ сынаған 24 жастағы павлодарлық шахматшы қыркүйек айында өтетін шахмат олимпиадасында Қазақстан құрамасын бастап барады.

Сонымен бірге 30 үздік ойыншылар тізбесіне қазақстандық – Әлішер Сүлейменов, Алдияр Аңсат, Рамазан Жалмаханов, Жандос Ағманов пен Эдгар Мамедов сынды шахматшылар да енген.

Нәтижесінде Махнёв пен Сүлейменов қазақстандық қатысушылар арасында екі үздік ойыншы ретінде тиісінше 1 млн және 700 мың теңге көлемінде сыйақы алған.

Ал Алдияр Аңсат үшінші, Эдгар Мамедов бірінші гроссмейстерлік норманы орындаған. Осылайша, 15 жастағы Алдияр Қазақстан шахматы тарихында ең жас гроссмейстер атанған. Баспасөз қызметінің хабарлауынша, 18 маусымда 14 жасқа толатын Эдгар алдағы уақытта Алдиярдың көрсеткішінен асып түсуі мүмкін.

Әйелдер арасындағы сайыс

Әйелдер арасында алғашқы үш орын да ресейліктерге бұйырған. 1,1 млн теңгені құрайтын бас жүлде халықаралық шебер және әйелдер гроссмейстері  Полина Шуваловаға бұйырған. Одан кейінгі орындарды Ольга Баделько мен Екатерина Гольцева алған. Өкінішке қарай бұл сайыста қазақстандық қыздар сәтті өнер көрсете алмаған.

Aktobe Open турнирінің Ашық біріншілігінде ФИДЕ шебері Илья Моисеенко 8 ұпаймен озып, 1 млн теңге сыйақы алған.

«Қазақстан шахмат федерациясы биылғы жазда тағы бірнеше ірі турнир өткізуге дайындалуда, оның ішінде 9-21 маусымда Алматыда өтетін жастар арасындағы 26-шы Азия чемпионаты мен тамыз айында Астанада басталатын командалық Әлем чемпионаты бар. Чемпионатқа әлемнің ең үздік шахматшылары қатысады. Олардың ішінде 16-шы әлем чемпионы Магнус Карлсен да бар»,- деп хабарлайды баспасөз қызметі.