Ресейдің Забайкалье және Бурятия өңірінде орман өртінің өршуіне байланысты төтенше жағдай енгізілді

Жарияланды
пожар
Ресей федерациясында 2,5 мың гектар орманның өртенуіне байланысты төтенше жағдай енгізу туралы шешім қабылданды / Фото: aviales.ru, бильд-редактор: Артур Алескеров

Ресей федерациясының Забайкалье мен Бурятия өңірлерінде орман өртінің өршуіне байланысты федералдық деңгейдегі төтенше жағдай режимі енгізілді. Бұл жайлы Федералды орман шаруашлығы агенттігінің баспасөз қызметі хабарлаған.

Аталған өңірлерде федералды төтенше жағдай режимін енгізу туралы шешімді үкіметтік комиссия қабылдаған. Ресей орман шарушылығының басшысы Иван Советников төтенше жағдай режимін енгізу орман өрттерін сөндіруге қосымша күштер мен құралдарды жылдам тартуға мүмкіндік беретінін, сонымен қатар орман өрттерін сөндіруге кеткен шығындарды өтеуді жеңілдететінін айтқан.

«Аймақтардағы жағдай күрделі, бірақ бақылауымызда ұстап отырмыз. Ресей орман шаруашылығы қазірдің өзінде осы аймақтарға Әуе орман шаруашылығы қызметі мен аймақтық авиация департаменттерінен 400-ден аса десантшы-өрт сөндірушісін жіберді», – дейді мекеме жетекшісі.

Ресей орман шаруашылығының хабарлакынша, қазіргі уақытта Забайкалье өлкесінде және Бурятияда 2,5 мың гектар аумақты қамтитын үш орман өрті сөндірілген. 96,7 мың гектар аумақта 38 өртті сөндіру жұмыстары әлі де жалғасып жатыр. Ө0ңірлердегі өртті сөндіруге барлығы 1,3 мың адам мен 164 техника жұмылдырылған. Төтенше жағдайға байлнысты бұл аймақтарда орман өртіне қарсы жасақтарды күшейту шаралары жүргізіліп жатыр.

Айта кетейік, Қазақстанда да жазғы маусымда орман өрті қаупі арта түседі. Осы мақсатта елімізде Орман қорын күзету және қорғау қызметі құрылды. Экология және табиғи ресурстар министрлігі жанындағы жаңа Республикалық азаматтық қорғау қызметі ТЖ кезінде, оның ішінде орман өрттерін сөндіру барысында орман шаруашылығы мекемелерінің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Сонымен бірге Қазақстан Үкіметі өрт оқиғалары көбейетін маусымға дайындалуда.  Бүгінде Экология және табиғи ресурстар министрлігі 158 мемлекеттік орман иеленушіні тексерген. Тексеру қорытындысы бойынша ведомство басшысы Ерлан Нысанбаев «Семей орманы» резерваты, сондай-ақ Павлодар, Ақмола және Қостанай облыстары өрт қаупі жоғары кезеңге толық дайын емес деп мәлімдеді.

Сондай-ақ оқыңыз