Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігінде жаңа комитет құрылады. Бұл жайлы «Ашық НҚА» сайтында жарияланған құжатта жазылған.
«Осы қаулыдағы қосымшаға сәйкес аумақтық органдар – республикалық мемлекеттік заңды тұлғаларға қатысты мемлекеттік басқарудың тиісті саласына басшылық ету жөніндегі уәкілетті орган болып, Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігінің Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитеті айқындалсын»,- делінген құжатта.
Министрлік хабарлауынша, Су шаруашылығы комитеті екіге бөлінеді.
«Суды заңсыз алу және суды пайдалану есебінің деректерін бұрмалау фактілерін, сондай-ақ су объектілері мен су қоры жерлеріндегі заңсыз шаруашылық әрекеттерді жою бойынша сұрақтарды тиімді реттеу үшін, қазіргі Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігінің Су шаруашылығы комитеті екі ведомствоға бөлініп отыр»,- делінген құжат түсіндірмесінде.
Солайша Қазақстанда Су ресурстары және ирригация министрлігінің Су шаруашылығы және Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитеттері жұмыс істей бастайды.
Жаңадан құрылатын Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану жөніндегі комитетіне 8 өңірдегі бассейндік инспекциясын қадағалау құзыреті беріледі. Атап айтқанда, мекеме – Арал-Сырдария, Балқаш-Алакөл, Ертіс, Есіл, Нұра-Сарысу, Тобыл-Торғай, Жайық-Каспий, Шу-Талас бассейндік инспекцияларының жұмысын қадағалайды.
Сонымен бірге комитет су саясатын жетілдіру, суды заңсыз алу және суды пайдалану есебінің деректерін бұрмалау фактілерін тексеріп, су объектілері мен су қоры жерлеріндегі заңсыз шаруашылық әрекеттерінің алдын алу бойынша жұмыстар жүргізбек.
Бұл мекеменің қаржыландырылуына қатысты комитетке қосымша штаттық бірлік сұралмаған. Сол себепті қосымша қаржылық шығындар талап етілмейді. Қаржыландыру көзі 001 «Су қорын пайдалану және қорғау, сумен жабдықтау, су бұру саласындағы қызметті үйлестіру жөніндегі көрсетілетін қызметтер» бағдарламасы бойынша бөлінеді.
Сәуірде Қазақстанда «Қазгидрогеология» ұлттық гидрогеологиялық қызметі» коммерциялық емес акционерлік қоғамы құрылатыны хабарланды. «Қазгидрогеология» ұлттық гидрогеологиялық қызметі» коммерциялық емес акционерлік қоғамы Су ресурстары және ирригация министрлігінің және оның ведомствосының қарамағындағы ұйымдар тізбесіне енгізіледі. Мекеме жерасты су ресурстарын басқаруды цифрландырумен айналысады.
Сонымен бірге Су ресурстары және ирригация министрлігі «Қазагромелиосушар» республикалық әдістемелік орталығы» республикалық мемлекеттік мекемесін қайта құрылымдауды жоспарлап отыр. Мекеме су қорын пайдалану және қорғау, сумен жабдықтау, су бұру саласындағы уәкілетті мемлекеттік органның қызметін ақпараттық, талдамалық және әдістемелік қамтамасыз ету бойынша жұмыстарды орындаумен айналысатыны жазылған.