Мамыр айында Ұлттық банк Ұлттық қордан 800 млн доллар сатқан: бұл сәуір айымен салыстырғанда 200 млн долларға артық
Мамыр айында Ұлттық қордан республикалық бюджетке трансферт қамтамасыз ету үшін 800 млн доллар сатылған. Осылайша мамырда сәуір айымен салыстырғанда 200 млн доллар артық жұмсалған. Бұл жайлы Қазақстан Ұлттық Банкінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Ұлттық қордан республикалық бюджетке трансферттерді қамтамасыз ету үшін мамырда 800 млн АҚШ долларына валюта сатылды. Ұлттық қордан сату үлесі жалпы сауда-саттық көлемінің 16%-ын және күніне 40 млн АҚШ долларынан аспайтын мөлшерді құрады»,- делінген хабарламада.
Сондай-ақ мамыр айының қорытындысы бойынша, теңге бағамы 1,2%-ға, яғни 1 АҚШ доллары үшін 447,25 теңгеге дейін әлсіреген. ҰБ мәліметінше, Қазақстан қор биржасындағы сауда-саттықтың орташа күндік көлемі бір айда 234 млн АҚШ долларынан 251 млн АҚШ долларына дейін ұлғайған. Жалпы сауда-саттық көлемі 5 млрд долларға жеткен.
Ал БЖЗҚ зейнетақы активтерінің валюталық үлесін 30% деңгейінде ұстап тұру мақсатында, Ұлттық банк биржалық сауда-саттықта шетел валютасын сатып алуды жалғастырған. Оның жалпы сомасы 500 млн АҚШ долларын немесе нарықтың жалпы көлемінің шамамен 10%-ын құраған.
Сондай-ақ банк мамырда валюталық интервенция жүргізбеген.
Банктің маусымға алдын ала болжам
Үкіметтің алдын ала болжамды өтініші бойынша, республикалық бюджетке трансферт бөлуге маусымда Ұлттық қордан 350-450 млн АҚШ долларына дейінгі мөлшерде валюта сатылуы мүмкін.
Ал БЖЗҚ зейнетақы активтерінің валюталық үлесін ұстап тұру үшін 250 млн АҚШ долларынан 350 млн АҚШ долларына дейінгі мөлшерде валюта сатып алу жаспарланып отыр.
Ұлттық банк қысқамерзімді перспективада теңгенің динамикасы нарыққа қатысушылардың күтулеріне, тоқсандық салық төлемдеріне, әлемдік нарықтардағы ахуалға және геосаяси жағдайдың өзгеруіне байланысты болатынын хабалайды.
«Ұлттық Банк теңгерімсіздіктің жинақталуын болдырмайтын және алтын-валюта резервтерінің сақталуын қамтамасыз ететін икемді бағам белгілеу режимін ұстана береді»- делінген хабарламада.
Еске сала кетсек, Сәуір айында республикалық бюджетке трансферт қамтамасыз ету үшін Ұлттық қордан 600 млн АҚШ долларына тең валюта сатылған. Ұлттық қордан сатылған валюта үлесі жалпы сауда-саттық көлемінің 20%-ын құрап, күніне 30 млн АҚШ долларынан аспаған.
Сондай-ақ сәуір айында теңге бағамы 1 АҚШ доллары үшін 453,21 теңгеге дейін, 0,1%-ға әлсіреген. Қазақстан қор биржасындағы сауда-саттықтың орташа күндік көлемі бір айда 164 млн АҚШ долларынан 152 млн АҚШ долларына дейін төмендеді. Жалпы сауда-саттық көлемі 3 млрд АҚШ долларын құрады.