Жаңалықтар

ЕАЭО бойынша 600 миллонға жуық адамды азық-түлікпен қамтуға Қазақстанның әлеуеті жетеді – Үкімет басшысы

ЕАЭО-ны азық-түлікпен қамтуға Қазақстанның әлеуеті жетеді/ фото kursiv.media

Минскіде Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысы өтті. Cоның аясында өткен келіссөздерде Қазақстан мен  Беларусь республикасының екіжақты тауар айналымы былтыр 912 млн долларға жеткені белгілі болды. Екі ел сауданы әртараптандыруға әзір.

Үкімет басшысы Олжас Бектенов Беларусь Республикасының Премьер-Министрі Роман Головченкомен кездескенде  Қазақстан шамамен 105 тауар позициясы бойынша 265 млн долларға экспортты ұлғайтуға дайын екенін айтты. Ауыл шаруашылығы бойынша байланыс нығая түспек. Беларуссиямен бірге тракторлар мен комбайндарды және өзге де техниканы құрастыру бойынша жалпы құны $200 млн-нан асатын 11 жоба іске асырылды, 1,6 мың жұмыс орны ашылды.

Бектенов «Белагро-2024» халықаралық көрмесі аясында өткен «Еуразиялық экономикалық одақтың азық-түлік қауіпсіздігі» пленарлық сессияда сөз сөйледі. Сессияға Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Беларусь, Әзербайжан үкіметтерінің басшылары, Армения вице-премьері, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы қатысты.

Үкімет басшысы елдің әлеуетіне байланысты ақпараттар ұсынды:

  • ҚР әлемдік азық-түлік экспорттаушыларының ТОП-25 қатарына кіреді
  • Отандық ауыл шаруашылығы өнімдері әлемнің 80 еліне, соның ішінде Орталық Азия мен ЕАЭО елдеріне жеткізіледі
  • Оның экспорты соңғы 5 жылда екі есеге өсіп, $5,4 млрд-қа жетті

ҚР Премьер-Министрі халықты сапалы әрі қауіпсіз азық-түлікпен қамтуға басымдық берілетінін атап өтті. Қазақстан ЕАЭО-ға қатысушы елдердегі 600 млн-ға жуық адамның азық-түлікке деген сұранысын өтей алады. Ол үшін одақ құрамындағы барлық мемлекет ұлттық деңгейде азық-түлік жеткізу тәсілдерін үйлестіруі қажет.

«Озық халықаралық стандарттарға сәйкес келетін бәсекеге қабілетті, экологиялық және экспортқа бағдарланған өнім шығару үшін тығыз кооперациялық байланыс орнату біздің негізгі міндеттеріміздің бірі болуға тиіс. Орталық Азия арқылы жаңа логистикалық бағыттарды одан әрі дамыту және Қытайға жеткізетін қолданыстағы бағыттардың өткізу қабілетін арттыру перспективаларды кеңейте түспек», — деп атап өтті Үкімет басшысы.

«Курсив» Қазақстан Қырғызстан және Өзбекстан елдерімен сауда-логистикалық келісімшартқа отырғанын жазды. Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев шекарадағы сауда-логистикалық хабтардың маңызы туралы айтты. Бұл жобалар алдағы 3-5 жылда азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін мәлімдеді.