KMF микроқаржы ұйымы жауапкершілігі шектеулі серіктестіктен акционерлік қоғамға айналды

Жарияланды
KMF микроқаржы ұйымы жауапкершілігі шектеулі серіктестіктен акционерлік қоғамға айналды / kursiv.media

Қазақстандағы ең ірі микроқаржы ұйымы – KMF мемлекеттік қайта тіркеуден өтіп, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктен акционерлік қоғамға айналды.

Заңды тұлғаны қайта құрылымдау үдерісі KMF микроқаржы ұйымы қызметіне ешқандай әсер етпейтіні атап өтілген. Кредиторлар, клиенттер және серіктестер алдындағы барлық міндеттеме өзгеріссіз қалады. Мәліметтер базасы, банк деректемелері сақталады. Компанияның бас кеңсесінің мекенжайы ауыспайды.

«Біздің компанияның акционерлік қоғамға айналуы – осы үшін мақсатты және дәйекті түрде қадам жасалған, тарихымыздағы маңызды кезең. Бұл қадам ұсақ кәсіпкерлерді қолдауға, оларға инновациялық қаржылық шешімдер ұсынуға мүмкіндік беретін тұрақты даму мен өсу жолына деген ұмтылысымызды білдіреді. Біздің миссиямыз өзгеріссіз күйінде қалады: микробизнесті дамыту арқылы Қазақстанның экономикалық өсуіне және өмір сүру деңгейін жақсартуға жәрдемдесеміз», – деді KMF басқарма төрағасы Шалқар Жүсіпов.

Былтыр банк болуға бел буған

2023 жылы «KMF» ЖШС микроқаржы ұйымы жарғылық капиталын ұлғайтып, оған қоса ЖШС-дан акционерлік қоғамға айналатыны мәлім болды. Бұл шешім 2023 жылдың 10 қарашасында өткен директорлар кеңесінің жиналысында қабылданған. Соған сәйкес микроқаржы ұйымының жарғылық капиталы 50 008 939 084 теңгені құрайды. Жиын нәтижесінде KMF резерв капиталы таратылып, бөлінбеген пайда шотына аударылып, сосын ЖШС-ның барлық қатысушысы арасында бөлу туралы шешім қабылданды.

Жарғылық капиталын межеге жеткізді

2024 жылы ақпан айында KMF микроқаржы ұйымы жарғылық капиталын 14,4 млрд теңгеден 50 млрд теңгеге дейін ұлғайтты. Бұл туралы Қазақстан қор биржасының (KASE) хабарламасында жазылған.

KMF акционерлерінің жиналысы нәтижесінде ұйым жарғысына тиісті өзгерістер енгізілді. 50 млрд теңге көлеміндегі жарғылық капитал «серіктестік қызметін жүзеге асыру үшін» жинақталатыны, сондай-ақ компания құны 1 теңге болатын 50 миллиард қарапайым акцияларды шығаратыны белгілі болды.

Сәуір айында «KMF» ЖШС микроқаржы ұйымы 2024 жылы екінші деңгейлі банкке айналу жоспарын нақтылады. Компанияның 2023 жылға арналған қаржылық аудиторлық есебінде  «KMF МҚҰ» ЖШС ақпанда қатысушылардың жалпы жиналысында қабылданған шешімге сәйкес, ұйымдық-құқықтық нысанын – жауапкершілігі шектеулі серіктестіктен акционерлік қоғамға қайта құруға кіріскені көрсетілген.

2023 жылға арналған аудиторлық есепке сүйенсек, компанияның жарғылық капиталындағы үлестің 60,435%-ы KMF-Демеу Корпоративтік Қорына тиесілі.  16,627%-ы – MultiConcept Fund Management S.A., 9,585% – заңды иесі Triodos Funds B.V., 7,085% – Triodos SICAV II, 0,042% – responsAbility SICAV компаниясының иелігінде.

Бұл ретте компания үшін бақылаушы тарап – АҚШ-та тіркелген коммерциялық емес ұйым ACDI/VOCA. Аталған компания бақылаушы қатысушы – KMF-Демеу корпоративтік қорының жалғыз құрылтайшысы.

KMF микроқаржы ұйымы тарихы

Микроқаржы ұйымы 1997 жылы USAID қолдауымен құрылды. Бастапқыда «Қазақстандық қоғамдастықты несиелеу қоры» деп аталды. Кейінірек атауы KMF МҚҰ деп өзгертілді.

2024 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша, компанияның активтері 288,3 млрд теңгені, міндеттемелері 236,1 млрд теңгені құрады. Меншікті капитал 52,2 млрд теңгеге жеткен. 2023 жылы МҚҰ таза пайдасы KMF 2022 жылы тапқан 52,3 миллиард теңгемен салыстырғанда шамамен 2,5 миллиард теңгені құрады.

Сондай-ақ оқыңыз