СІМ Қазақстан елшілерінің Лондон мэриясы алдындағы 4,65 млн фунт стерлинг қарызы туралы түсіндірді
Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Қазақстанның Лондондағы елшілігінің 2003 жылдан бері есептелген қарызына қатысты пікір білдірді.
Смадияров Лондонда ақылы жолдармен жүргені үшін ақша төлемеген елшіліктердің тізімінде не себепті Қазақстан барын да түсіндіріп берді.
Transport for London корпорациясының мәліметінше, ұлыбританиялық БАҚ-та шетелдік елшілік қызметкерлері Лондонның орталығына көлікпен кіргені үшін алым төлемегені туралы ақпарат жарияланған. Ондағы деректер 2003-2023 жылдар аралығындағы қаражатты қамтиды.
«2003 жылдан бастап Британ астанасының орталығына кіру үшін төлем ақысы енгізілген болатын. Қазақстанның Ұлыбританиядағаы елшілігінің ғимараты Лондонның орталығында орналасқан. Онда жүргізушілер жұмыс күндері сағат 7:00-ден 18:00-ге дейін, және демалыс пен мереке күндері сағат 12:00-ден 18:00-ге дейін кіру үшін 15 фунт стерлинг төлеуі керек. Тиісінше елшілік қызметкерлерінің өз аумағына әр кіргені үшін төлем салынып отыр. Лондондағы шетелдік дипломатиялық корпустың – сол аумақтағы елшіліктердің жалпы пікірі бойынша бұл төлем алымы жергілікті салық болып саналады», – деді Айбек Смадияров СІМ-де өткен баспасөз мәслихатында.
Айбек Смадияровтың айтуынша 1961 жылғы дипломатиялық қарым-қатынас туралы Вена конвенциясына сәйкес дипломаттар жергілікті салықтан босатылған. Ресми өкіл британдық БАҚ-та жариялаған ақпарат аталған алым-салыққа қатысты екенін, ал ол қаражат жол ережесін бұзғаны үшін төлейтін айыппұлға жатпайтынын мәлімдеді.
«2003 жылдан бері есептеліп келе жатыр. Егер басқа да елшіліктер оны төлейміз деп шешім қабылдап жатса, онда біз де ол жағын қарастырамыз. Жалпы аталған конвенцияға сәйкес, дипломаттар салық төлемеуі керек. Бұл айыппұл емес, бұл салықтың түрі. Осы ретте Қазақстан ғана емес, сол аймақта орналасқан бүкіл шетелдік елшіліктер. Басқа да елшіліктер бұл заңсыз екенін айтып аталған алымды төлемей отыр», – деді ресми өкіл.