KAZ Minerals пен қытайлық China Nonferrous Metal 1,5 млрд долларға мыс балқыту зауытын салады

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі

Жобаның құны шамамен 1,5 миллиард долларды құрайды / Фото: kursiv.media

Қазақстан мен Қытай компаниялары Абай облысында жылдық қуаты 300 мың тонна болатын мыс балқыту зауытын салады.

Премьер-Министр Олжас Бектенов пен China Nonferrous Metal Mining Co. Ltd. директорлар кеңесінің төрағасы Си Чжэнпин шамамен құны 1,5 млрд доллар болатын зауыт салу келісіміне қол қойды.

«Келісімге тапсырыс беруші ретінде әрекет ететін «Kaz Minerals Smelting» ЖШС, технологиялық жабдықты жобалау және сатып алу қызметтерін жеткізуші компания China Nonferrous Metal Industry’s Foreign Engineering and Construction Co., Ltd. (NFC), сондай-ақ құрылыс және іске қосу-жөндеу жұмыстарының мердігері «NFC Kazakhstan» ЖШС компаниялары арасында қол қойылды»,-делінген хабарламда.

Зауыт Абай облысындағы Ақтоғай кентінің маңында салынады. Шикізат көзі Бозшакөл және Ақтоғай тау-кен байыту кешендерінің, «Шығыстүстімет» ЖШС байыту фабрикаларының мыс концентраты болмақ.  Зауыт құрылысының қорытындысы бойынша әлемдегі ең ірі мыс кеніштерінің бірін және қазіргі заманғы мыс балқыту өндірісін біріктіретін кластер құрылатын болады.  

Жоба 2028 жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі. Жоғары технологиялық өнім шығаратын кәсіпорын республикадағы ең ірі өндіріс орнына айналады деп күтілуде.  Сонымен қатар жаңа зауыт тазартылған алтын, күміс және күкірт қышқылын шығаруды жоспарлап отыр.

«Мемлекет басшысы орнықты экономикалық өсім міндетін қойды. Жаңа мыс балқыту зауытының құрылысы – елімізде өндірілетін мыс шикізатын қайта өңдеу көлемін арттыруға мүмкіндік беретін және экономикаға елеулі үлес қосатын ірі индустриялық жоба. Мыс саласы біздің өнеркәсіптің басым секторларының бірі және біз үшін оның қарқынды дамуы өте маңызды», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Айта кетейік China Nonferrous Metal Industry’s Foreign Engineering and Construction Company Ltd («Non Ferrous China») – акциялары Шэньчжэнь қор биржасында айналымдағы, мемлекет бақылайтын компания. Халықаралық жобалау мердігерлеріне және түсті металдар ресурстарын әзірлеуге қатысады. NFS Қытайдан тыс жерлерде түсті металдарды өндіру және өңдеу бойынша тау-кен активтеріне инвестиция салған алғашқы Қытай компаниясы, сонымен қатар ҚХР-да тау-кен жобаларына иелік етеді. Әлемнің 20-дан астам елінде іскерлік қызмет жүргізеді. NFC Kaz Minerals-дың Бозшакөл, Ақтоғай және Бозымшақ жобаларында жетекші мердігер болды.

Жыл басында East Mineral Resources компаниясы «Ертіс мыс балқыту зауытының» өндірістік қалдығынан мырыш пен мыс өндіруді жоспарлаған болатын.

Компанияның мәлімдемесінде бұл жұмыс Шығыс Қазақстан облысының Глубоковский ауданында, Өскемен қаласынан солтүстік-батысқа қарай 28 шақырым жерде, ауданы 26 гектар жер телімінде жүргізілетіні жазылған. Үйінділер жыл бойы екі ауысымда ашық әдіспен қазылмақ. 2024-2043 жылдар аралығында жыл сайын 300 мың тонна игерілуі тиіс.

Кендегі мыстың мөлшері: 2024 жылы – 600 тонна, 2025 жылы – 710 тонна, 2026 жылы – 1440 тонна, 2027-2042 жылы 1440 тонна және 2043 жылы 1230 тонна алынбақ. Үйіндіден мырыш көбірек шығуы мүмкін: 2024 жылы – 6,74 мың тонна, 2025 жылы – 6,81 мың тонна, 2026 жылы – 13,86 мың тонна, 2027-2042 жылдары 13,86 мың тонна және 2043 жылы 11,83 мың тонна өндірілмек.

Сондай-ақ оқыңыз