Альтман қайда инвестиция салады, Үндістандағы ралли, Қытайдағы инвесторлар үшін жеңілдіктер
OpenAI бас директоры Сэм Альтман стартаптарға инвестиция салу кезінде мүдделер қақтығысына тап болды деп күдіктенгендер бар. Қытай шетелдік бағалы қағаздарды сатып алуға қойылған шектеулерді жеңілдетіп жатыр. Билеуші партия сайлауда жеңіске жетеді деген алдын ала мәлімет Үндістан қор индекстерін көтеріп жіберді. Осы және басқа да тақырыптар туралы 3 маусымдағы әлемдік БАҚ шолуынан оқыңыз.
Сэм Альтман OpenAI-мен ынтымақтастық орнатқан фирмаларға инвестиция салып жатыр
OpenAI бас директоры Сэм Альтман мен оның венчурлік қорлары 400-ден астам компанияға қаржы салды. Қазір Альтман шамамен 2,8 млрд доллар көлеміндегі активтерге ие деп хабарлайды The Wall Street Journal. Ол JPMorgan банкінен несие желісін тартып, стартаптарға жүздеген миллион доллар инвестиция салды.
Сол инвестиция салынған фирмалардың кейбірі OpenAI-мен бизнес жүргізіп отыр, сондықтан бұл жерде мүдделер қақтығысы қылаң бермей ме деген сұрақ туындайды. Мәселен, OpenAI-дің үлкен инвестициялық портфелінде Reddit пен Stripe бар. Ал Reddit OpenAI-мен серіктесе жұмыс істейтіні туралы жариялағаннан кейін акциялары 10%-дан аса мөлшерге қымбаттаған.
Жалпы алғанда, Альтманды Кремний алқабының ең табысты жеке инвесторларының бірі деуге болады. Оның OpenAI-да үлесі болмаса да, компанияның өзі қазір $86 млрд-қа бағаланып отыр.
Қытай шетелдік бағалы қағаздарды сатып алуға қойған шектеулерін жеңілдетеді
Bloomberg хабарлағандай, Қытайда шетелдік бағалы қағаздарды сатып алуға болатын шекті соманы реттейтін білікті ішкі институционалдық инвесторлар үшін QDII квотасы $165,5 млрд-тан $167,8 млрд-қа көтерілді. Бұған себеп болған – ел ішіндегі шетелдік активтерге деген сұраныстың артуы.
Еске сала кетсек, 10 ай бұрын Қытай елден капиталдың сыртқа ағуына бөгет қою және юаньға түсіп тұрған қысымды әлсірету мақсатында квоталардың артуына тежеу салған болатын. «Биыл шетелдік нарықтардағы инвестицияларға деген қызығушылық басым», – дейді Asymptote Investment Research бас экономисі Чжу Чжэньсинь.
«Шетелдік активтерге деген Қытай ішіндегі қызығушылықтың артуына ұлттық валютаның әлсіздігі түрткі болды. 2024 жылдың басынан бері юань Қытай мен АҚШ арасындағы пайыздық мөлшерлемедегі үлкен алшақтық пен Азияның ірі экономикасындағы енжарлықтың әсерінен шамамен 2%-ға төмендеді. Мамыр айында юань, долларға қатысты алғанда, негізінен өзгеріссіз саудаланды. Жуырда валюта тағы құнсыздана түсуі мүмкін», – дейді Чжу Чжэньсинь.
Үндістан нарығы билеуші партия сайлауда жеңіске жетеді деген алдын ала мәлімет аясында өсіп жатыр
Экзит-полдар премьер-министр Нарендра Модидің партиясы сайлауда анық жеңеді деген болжам айтқан соң, Үндістанның мемлекеттік компаниялары мен инфрақұрылыммен байланысты фирмаларының акциялары айтарлықтай қымбаттады деп хабарлайды Bloomberg.
CLSA пікірінше, Модидің жеңісінен ұтатын компаниялар акцияларының индексі 6,2%-ға жоғарылады. Салыстырар болсақ, NSE Nifty 50 базалық индексі рекордтық жоғары деңгейге – 3,3%-ға көтерілді. Citigroup пен Jefferies Financial Group өндіріс пен электромобиль секторы да Моди партиясының жеңісінен ұтады деп мәлімдеді.
«Үкімет реформа, бюджеттен қаржы бөлу және саяси ынталандыру арқылы инфрақұрылым, өндіріс, энергетика, электрлік көлік саласын басты назарда ұстап қалады деп күтеміз»,- деп жазды Citi стратегтері.
Кеше миллиардер Гаутам Аданидің конгломераты Үндістан қор нарығында бәрінен қатты, шамамен $20 млрд-қа, жоғарылады. Моди өзінің жаңа мерзімінде ауқымды инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыра береді, ендеше Адани орасан зор мемлекеттік тапсырыс алады деген сөз.
Энергетика секторының акциялары да айтарлықтай қымбаттады, бұл салада NTPC көш бастап тұр. Suzlon Energy, Inox Wind Energy және Waree Renewable Technologies сияқты жаңартылатын энергетикамен айналысатын компаниялардың акциялары бір күнде 5%-ға қымбаттады. Модидің жаңартылатын энергия көздерін негізгі бағытқа жатқызатынын айтқаны бар.
Сайлаудың ресми нәтижесі бүгін жарияланады.
Еуропалық акциялар ЕОБ мөлшерлемелері төмендейді деген үмітпен маусым айын сергек күйде бастап кетті
Инвесторлар 2024 жылғы 6 маусымда реттеушінің отырысы барысында Еуропалық орталық банк мөлшерлемесін төмендету ықтималдығы 100% деп бағалайды дейді Reuters. Сарапшылар 25 базистік тармаққа дейін жұмсартылады деп болжап отыр.
Осындай жалпы оптимизм негізінде STOXX 600 индексі маусымның бірінші сессиясын 0,3%-дық өсіммен аяқтады. BlackRock өзінің клиенттерге арналған жазбасында: «Инфляцияның төмендеуі мен 18 ай бойғы экономикалық енжарлық ЕОБ-ты ақша-кредит саясатын жұмсартуға итермелейді. Бірақ мөлшерлеме күрт төмендетіледі деп ойламаймыз, – деген. – Бұл мөлшерлемелерді төмендетудің типтік циклы емес. Инфляциялық қысымның сақталып отыруына байланысты орталық банктер мөлшерлемені пандемияға дейінгі деңгейден жоғары деңгейде ұстап тұруға ниетті», – деген.