Меланоманы емдеу жөніндегі зерттеуін жариялағаннан кейін Moderna және Merck акциясы қымбаттады

Жарияланды

Moderna және Merck компаниясының меланомаға қарсы препараттары 96% тиімділік көрсетті / Фото: Unsplash / Mufid Majnun

Moderna және Merck компанияларының Moderna вакцинасы мен Keytruda препаратын бірге қабылдаған пациенттердің тірі қалу деңгейі 2,5 жыл ішінде 96%-ға артты деп жазады CNBC. Америкалық салалық реттеуші екі препараттың үйлесімін революциялық терапия деп атады. Дүйсенбідегі саудада Moderna акциясы шамамен 4%-ға, Merck қағаздары 1%-дан сәл қымбаттады.

Толығырақ

Дүйсенбіде Америкалық клиникалық онкология қоғамының Чикагода өткен жыл сайынғы жиналысында Moderna және Merck биофармацевтика компаниялары терінің қатерлі ісігімен ауыратын науқастарды емдеуге қатысты орташа зерттеу нәтижесін жария етті. Меланомамен ауыратын науқастарға Moderna вакцинасы мен Merck-тің Keytruda препараты салынды. Нәтижесінде өлім-жітім мен аурудың қайталануы айтарлықтай азайды деп жазады CNBC.

Компаниялар ұсынған мәлімет бойынша, Moderna вакцинасы мен Merck препаратын бірге қабылдаған пациенттердің өмір сүру деңгейі 2,5 жылдан кейін 96%-ды көрсетті. Ал Keytruda-ны жекелей қабылдағандар арасында бұл көрсеткіш 90,2%-дан төмен болды. Және екі дәрі-дәрмектің қосындысы салынған науқастардың 75%-ы дерлік аман қалып, соған қоса олардың бойында 2,5 жыл ішінде қатерлі ісік белгісі қайталанбаған. Тек Keytruda-мен емделген науқастарда дерттен айығу 55,6%-ды көрсетті.

Жаңа вакцина қалай жұмыс істейді?

Moderna-ның мРНҚ (рибонуклеин қышқылы) жаңа вакцинасына да коронавирусқа қарсы вакцинадағы сияқты технологиясы қолданылады. Қатерлі ісікке қарсы вакцина пациенттің бойындағы қатерлі ісікті алып тастағаннан кейін, оны талдау негізінде жеке тапсырыс бойынша жасалады. Вакцина иммундық жүйені рак жасушасындағы белгілі бір мутацияны тануға және оған қарсы шабуыл жасауға үйретеді. Ақпан айында АҚШ-тың Азық-түлік және дәрі-дәрмек басқармасы (FDA) екі препараттың үйлесіміне «меланомаға қарсы революциялық терапия» деген мәртебе берді. Компанияның бас директоры Стефан Бансель CNBC-ге берген сұхбатында: «Moderna FDA-ның жедел мақұлдауын алуға ниетті және соған өтініш беруді жоспарлап отыр», – деді.

Бұл инвесторлар үшін неге маңызды?

Moderna коронавирусқа қарсы вакцинаға сұраныс азайғандықтан, жаңа өнімге өте мұқтаж. Қатерлі ісікке қарсы вакцинаны БАҚ компанияның негізгі әрі көптен күткен жаңа өнімі деп атады. Қазіргі таңда Moderna-да FDA мақұлдаған екі ғана препарат бар, олардың бірі – респираторлы-синцитиальды вирусқа (РСВ) қарсы вакцина өткен аптада ғана рұқсат алды. Ал екіншісі – коронавирусқа қарсы вакцина, бұл өндірушінің нарықтағы жалғыз өнімі.

Moderna бұған дейін РСВ-ға (респираторлы-синцитиальды вирусқа) қарсы жаңа вакцинаны үшінші тоқсанда сата бастауға уәде берген еді. Сонымен бірге, компания басқа өнімдерін де нарыққа шығарып, 2025 жылы сатылымды арттырып, ал 2026 жылға қарай пайда табуды көздейді. Атап айтқанда, Merck және Moderna бүйрек пен қуықтың қатерлі ісігінің белгілі бір түріне шалдыққан науқастарға зерттеу жүргізіп жатыр.

Акцияның жайы

Дүйсенбідегі саудада Moderna акциясы 3,75%-ға өсіп, 147,86 долларға жетті. Уолл-стриттің консенсустық болжамында оның бағасы – шамамен 141 доллар болып тұр. MarketWatch мәліметтері бойынша, фарм-өндірушінің қағаздарын қадағалайтын 24 сарапшының 11-і оларды сатып алуға кеңес береді, ал 10-ы ұстай тұруды, қалған үшеуі сатуға кеңес береді.

Merck акциялары дүйсенбіде 1,15%-ға қымбаттап, 128,3 долларға жетті. Компанияның динамикасын бақылайтын талдаушылардың орташа мақсатты бағасы 143,72 доллар болды, бұл жұма күнгі сауданы жабатын бағаның 14,5%-ға өсетінін білдіреді. 27 сарапшының 23-і Merck қағаздарын сатып алуды ұсынса, қалған төртеуі оларды портфельде ұстау керек деп санайды. Сату туралы ұсыныс болған жоқ.

Сондай-ақ оқыңыз