«Болашақ» төңірегіндегі дау: шетелге кеткен Гавриленко айына 100 мың теңгеден ғана төлеп отыр

Жарияланды
Журналист Валерия Гавриленко «Болашақ» орталығының қызметкерлерімен сөз байласқан / Фото: kursiv.media

Астананың қалалық сотында «Болашақ» халықаралық орталығы төңірегінде туған дауға қатысты іс апелляциялық сатыда қаралды.

Айта кетейік, 2019 жылы Валерия Гавриленко «Болашақ» орталығының қызметкерлерімен сөз байласып, 2 пәтерді кепілден заңсыз шығарып сатып жіберген. Содан кейін Ұлыбританияға қоныс аударған. Енді «Болашақ» орталығы екі журналистен оқудың ақшасын қайтаруды талап етіп отыр. Яғни кепілгер болған қос журналист шамамен 30 млн теңге ақша төлеуге мәжбүр.

4 маусымда өткен сот отырысында «Болашақ» халықаралық орталығы өкілдері туындаған дауды медиация түрінде реттеу бойынша өтінішхат жолдады. Соған байланысты іс бойынша іс жүргізуді тоқтатып, екі апта уақыт беруді сұрады.
«Болашақ» өкілі Алтынай Кенжесаринаның айтуынша, «Болашақ» халықаралық орталығы» АҚ Гавриленкоға қатысты шара қабылдап жатыр.

Адвокат Айжан Ташенова азматтық іс бойынша жауапкерлердің медиацияға тек «Болашақ» қарыз көлемін айтарлықтай төмендетсе ғана келісетінін жеткізді.
Сот алқасының төрағасы дауды медиация тәртібімен реттеу үшін сот отырысы кейінге қалдырды.

Айта кетейік, бұған дейін «Болашақ» орталығындағы дауға байланысты Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек түсініктеме берді.

«Заң бойынша екі кепілгер-Воробьев пен Дәрібаева-ортақ жауапкершілікте. Яғни олар келісімге қол қою арқылы бұл жауапкершілікті өз еркімен алды. Біз жағдайдың әділетсіз екенін түсінеміз. 2-3 күн бұрын Гавриленко толық өз кінәсін мойындап, екі жақты келісімшартқа қол қойылды. Сол келісімшарттың арқасында ол бүкіл ақшаны қайтарамын деп өзіне міндет алды. Енді жауапты тұлғаларға да Бас прокуратура арқылы тиісті заңнама аясында мәселесін бастап кеттік», – деді министр.

Алайда жауапкерлер министрдің бұл мәлімдемесіне күмәнмен қарап отыр. Себебі қазірге дейін министр айтқан келісіммен таныспаған.

«Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің «Гавриленкомен келісім жасадық» деген мәлімдемесін дәлелдейтіндей, ол келісімді көре алмадық. Келісімшарт бар ма, жоқ па, күмән бар. Болжамымыз бойынша, бұл келісімшарт жоқ. Бізге медиацияға уақыт берді. Біздің тек қана бір талабымыз бар. Заңсыз кепілден шығарылған екі үйдің бағасын есептедік. Ол 26 млн теңгеге жуық қаражат. Гавриленконың 1,3 млн теңге төлеген қаражаты бар. Содан қалған 1,5 млн теңге бар. Бұл қаражатты Наталья Воробьева екеуміз бөліп төлеуге келісеміз. Сол кезде әділетті болады», – деді Мақпал Дәрібаева.

Ал Наталья Воробьева Гавриленконың сот шешімі негізінде бір жылдан астам уақыттан бері ай сайын 100 мың теңгеден төлеп жатқанын айтты.

«Талап арыз беруші қарыздың мүлде төленбей жатқанын алға тартып, «Болашақтың» кепілгер болғандардан өндіруге мәжбүр болғанын айтты. Шын мәнінде қарыз өтеліп жатыр. Алайда жоспардағы жылдамдыққа сәйкес болмаса керек. Егер ол ай сайын 100 мың теңгеден төлейтін болса, қарызын 27 жыл бойы төлейді», – деді Наталья Воробьева.

Сондай-ақ оқыңыз