Freedom Holding Corp. компаниясы директорлар кеңесінің құрамы өзгеріп, кеңеске «Астана халықаралық қаржы орталығының» бұрынғы басшысы Қайрат Келімбетов қосылды. Бұл турала компания баспасөз қызметі хабарлады.
Қайрат Келімбетовтан бөлек, директорлар кеңесінің құрамына Эндрю Гэмбл мен Филипп Вогелер енген.
«Біз әлемдегі орнымызды одан әрі кеңейтіп жатырмыз. Әрбір юрисдикцияның өз нормативтік талаптары мен заңнамасында айырмашылықтары болады. Сондықтан біз қазіргі ДК-нің сараптамалық құрамын толықтырып, халықаралық компанияларды басқаруда әр түрлі тәжірибесі бар, жаһандық операциялық қызмет пен басқару саласында терең әрі жан-жақты білімі бар, сондай-ақ жалпы әлемдік стратегиялық позициялаудағы ноу-хауы бар мамандарды шақыру туралы шешім қабылдадық. ДК-нің жаңа мүшелерінің сараптамасы бізге ағымдағы қызметімізді дамытуға, сондай-ақ бизнестің жаңа мүмкіндіктерін ашуға көмектеседі және олардың әрқайсысы Холдингтің ұзақ мерзімді жетістігіне елеулі үлес қосады деген сенімдемін», – деді Freedom Holding Corp. компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Тимур Турлов.
Сонымен қатар атқарушы директор деген жаңа лауазым бекітіліп, бұл лауазымға бұған дейін директорлар кеңесінің мүшесі болған Джейсон Керр тағайындалды.
Қайрат Келімбетов Кембридж университетінде магистр дәрежесін, экономика ғылымдарының докторы дәрежесін және Мәскеу Мемлекеттік Университетінде есептеу математикасы және кибернетика саласында бакалавр дәрежесін алған. «Астана» халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) бұрынғы басқарушысы. Әр жылдары Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігін, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкін, Экономикалық даму және сауда министрлігін, Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігін, ҚР Президенті әкімшілігін басқарды.Басқарма Төрағасы ретінде «Қазына» орнықты даму қорын және «Самұрық-Казына» ұлттық әл-ауқат қорын басқарды.
Эндрю Гэмбл 50 жылға жуық заңгерлік және консультация беру мансабы Азия, Африка, Оңтүстік Америка және Еуропадағы жұмыстарды қамтиды. Ол Сьерра-Леоне, Гайана, Мозамбик және Эфиопия үкіметтерінің мүддесі үшін жұмыс істеген топтарды басқарды. Hogan Lovells компаниясының серіктесі ретінде Таяу Шығыстағы және ТМД-дағы көптеген халықаралық ұйымдар үшін, соның ішінде Қазақстан үшін банктерге консультация беру және қаржылық мәмілелерді құрылымдау бойынша қызметтер көрсетті.
Ал Филипп Вогелер: корпорациялар, мемлекеттік билік органдары және халықаралық ұйымдар арасында серіктестік қатынастар құруға маманданған. Ол 10 елде тұрып, 100-ден астам компанияда жұмыс істеген. Өз мансабын Telenor, Bertelsmann және Orange for Deloitte сияқты компанияларға консультация беру арқылы бастады, содан кейін Еуропадағы, Таяу Шығыстағы және Азиядағы Orange және Ooredoo ұялы байланыс операторларына әртүрлі операциялық лауазымдарға ауысты.