Скляр утильалымды жою ескі көліктердің қаптауына әкеп соғады деп тұжырымдайды
Бірінші вице-премьер Роман Скляр утильалымды жою ескі көліктердің қаптауына және экологиялық жағдайдың нашарлауына әкеліп соғады деп тұжырымдайды. Бұл туралы ол primeminister.kz сайтына берген сұхбатында айтты. Сонымен қатар ол кәдеге жарату алымын енгізу себептерін түсіндірді.
Ресей және Беларусьпен біртұтас экономикалық кеңістікке кірген Қазақстан қос ел утильалымды енгізген соң, жауап ретінде осы төлемді енгізген.
«Қазақстан ДСҰ-ға кіру арқылы өзіне міндеттемелер алып, өз нарығын ашты. Кедендік баж салығы 15%-ды құрады. Дегенмен, көлік шығаратын және кәдеге жарату алымын енгізген Ресей Федерациясымен және Беларусьпен біртұтас экономикалық кеңістікте бола отырып, біз бұдан қалыс қала алмаймыз. Олар утилалымын енгізді, жауап ретінде біз де бұл төлемді енгіздік. Бірақ содан кейін Экологиялық кодексте жеке ӨКМ операторы осы жанама салықтан келетін қаражатты басқаратын норма болды. Жағдайды 2022 жылы түзетті, қазір экология және табиғи ресурстар министрлігінің «Жасыл даму» АҚ атынан мемлекет тікелей бенефициар болып табылады», — деді ол.
Бірінші вице-премьер жанама салық түрінде түсетін қаражат есебін «Жасыл даму» АҚ жыл сайын беріп отыратынын айтады. Сонымен бірге отандық автопаркті жаңарту, қалдықтарды қайта өңдеу саласын қалыптастыру және өз өндірісін дамыту бойынша басқа да міндеттер шешілуде.
Мәселен, 2022 жылы жеңілдетілген автокредит беруге 100 млрд теңге, автобус лизингіне – 30 млрд теңге бағытталды. Тракторлар мен комбайндардың лизингіне 2023 жылы 50 млрд теңге бөлінді. Сонымен қатар, өңдеу саласын қаржыландыруға 265 млрд теңге қарастырылған7
Склярдың пайымдауынша, барлық кедергілерді, соның ішінде 3 жылдан асқан автомобильдерге тіркеу алымын алып тастау ескі машиналардың елімізге көптеп жеткізілуіне, экологиялық жағдайдың едәуір нашарлауына әкеліп соғады екен.
«Адамдардан «Сіз осындай ескі көліктерден бөлінетін зиянды газбен демалғыңыз келе ме?» деп сұрау керек. Барлық пікір ескерілуі қажет. Сондай-ақ біздің зауыттарға барып, онда жұмыс істейтін адамдармен сөйлесуге кеңес берер едім. Кәсіпорындарда локализация өте жоғары, оның ішінде бұл ауылшаруашылық техникасына қатысты: барлық қондырмалар, тіркеме жабдықтары, кабиналар дәнекерлеу, бояу, кесу, иілдіру бойынша техникалық операциялар жүзеге асырылады.
Біздің басты міндетіміз — локализацияны арттыруға ұмтылу. Үкіметтің қазіргі алға қойған мақсаты – елімізге мүмкіндігінше көп пайда әкелу үшін ілеспе өндірістерді құру. Өткен жылы отандық автоөндірушілер 142 мың автомобиль шығарды. Осы жаңа көліктерді сатып алғандар утилизациялық алым төлеген жоқ.
Біз әрбір азамат өсу бенефициары болатын өз өндірісіміз бен өнеркәсібіміздің дамуын ынталандырамыз», — деп атап өтті Роман Скляр.
Бұған дейін Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев утильалымнан түскен қаражат қайда және қалай жұмсалып жатқаны ашық болуы керек екенін айтқан.
Еске сала кетсек, E-Petition.kz ресми порталында жарияланған қалдықтарды кәдеге жаратуға қатысты петицияны қарауға қажетті қол жиналды. Әкімшілік-рәсімдік процестік кодексінің 90-4-бабына сәйкес 50 000 қол жиналған петиция ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің қарауына жолданды. Оның 40 жұмыс күніне дейінгі мерзім ішінде қаралатыны жазылған.
Бұл петицияға қатысты Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев қазақстандық кәдеге жарату зауыттарының мүддесін де ескеруге тиіс екенін айтты. «Кәсіпорындардың мүддесін қорғау – менің тікелей міндетім. Лоббизм жасады деу орынсыз. Қазақстан өнеркәсібінің дамуына жағдай жасауымыз керек», – деген болатын минист
Бүгін министрлік утильалымға қатысты петицияны петицияны қарайтын жұмыс тобын бекітті. Жұмыс тобының құрамына ҚР Парламенті депутаттары, мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері, петицияның бастамашысы, сондай-ақ бірқатар қоғамдық бірлестіктер, өнеркәсіп секторының өкілдері енген.