KEGOC SPO-дан түскен қаражатты құны 137,4 млрд теңгені құрайтын жобаға инвестициялады

Жарияланды
KEGOC SPO-дан түскен қаражатты инвестициялады / shutterstock

KEGOC электржелілік компаниясы 2023 жылдың қарашасында өткізілген SPO табысын Оңтүстік аймақтың электр желісін нығайту бағытындағы жобаға инвестициялады. Бұл туралы «KEGOC» АҚ Стратегия және тұрақты даму жөніндегі басқарушы директоры Эльвира Конахбаева Эмитент күніндегі кездесуде айтты.


Спикердің айтуынша «KEGOC» АҚ жүзеге асырып жатқан үш инвестициялық жобаға тоқталды. Біріншісі – Қазақстанның энергетикалық жүйесінің Оңтүстік аймағының электр желісін нығайту. Осы жоба аясында компания үш қала – Шу, Жамбыл және Шымкент арасында екі 500 кВ әуе желісін салуды және 500 кВ қосалқы станцияны қайта құруды жоспарлап отыр.


«Жалпы алғанда, бұл жобаны жүзеге асыруға SPO – дан түскен қаражат бағытталды. Біздің акционерлер салған ақшаның барлығы компанияда қалады және оны дамытуға жұмсалады», – деп атап өтті Эльвира Қонахбаева.


Өткен жылы KEGOC осы жоба бойынша мердігерлермен EPC келісімшартын жасады. Жыл соңына дейін құрылыстың жобалық-сметалық құжаттамасы аяқталып, одан кейін жоба сараптамадан өтуі керек. Жоспар бойынша оның аяқталуы 2027 жылға жоспарланған. Құны 137,4 млрд теңгеге бағаланып отыр.


Компанияның екінші жобасы – Батыс Қазақстанның энергетикалық жүйесін Қазақстанның Бірыңғай электр энергетикалық жүйесінің (БЭС) негізгі бөлігімен біріктіру.


«Өткен жылы біз Батыс аймақты нығайту жобасын аяқтадық. Батысты Қазақстан БЭС-ке одан әрі біріктіру үшін дайындық жұмыстары жүргізілді. Қазіргі уақытта техникалық-экономикалық негіздеменің оң қорытындысын алдық», — деді Эльвира Қонахбаева.


Қазіргі уақытта «KEGOC» АҚ тендерлік рәсімдерді өткізуде, қыркүйек айының соңына дейін жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуге, сондай-ақ құрылыс-монтаждау жұмыстарына ЕРС келісімшарттарын жасасуды жоспарлап отыр. Жоба да 2027 жылға дейін аяқталуы тиіс. Оның құны 180 миллиард теңгеге бағаланып отыр.


Үшінші жоба – екі кезеңде жүзеге асырылатын қолданыстағы желілерді, қосалқы станциялар мен жабдықтарды жаңғырту. Біріншісі өткен жылы KEGOC-тың үш филиалында аяқталса, 2031 жылға қарай алты филиалда жүзеге асыру жоспарлануда. Қазіргі уақытта техникалық-экономикалық негіздеме әзірленуде. Жобаның құны әлі анықталған жоқ.


Бұдан басқа, 2035 жылға қарай бірқатар басқа да инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жоспарлануда:
Астана қаласын электрмен жабдықтауды күшейту. Елордада жаңа 500 кВ цифрлық қосалқы станция салу жоспарлануда. Қазіргі уақытта жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленуде; жыл соңына дейін жобаның бағасы мен негізгі параметрлері белгілі болады.


Қарағандыны электрмен жабдықтауды күшейту, сондай-ақ Қарағанды мен Астана арасындағы байланысты нығайту. Жоба Қарағандыда қосалқы станцияны, сондай-ақ қалалар арасындағы қосымша әуе желілерін салуды көздейді.
Батыс энергетикалық торабын нығайту – Бейнеу, Шалқар және Қызылорда арқылы жаңа желіні ұзарту жоспарлануда.


Эльвира Конахбаева бұл жобалар Энергетика министрлігінің жаңа қуаттарды өндіру жоспарларымен үндесетінін атап өтті. Олар жүйелік оператор ретінде KEGOC АҚ Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Айта кетейік, 2023 жылдың қарашасында «KEGOC» АҚ акциялардың қосымша шығарылымын Қазақстан қор биржасында (KASE) және Астана халықаралық қаржы орталығында (AIX) орналастырды.

Сондай-ақ оқыңыз