Биыл 1,6 есе көп пайда тапқан KEGOC 2026 жылдан бастап тарифтерді өзгертуі мүмкін

Жарияланды
Биыл KEGOC қанша табыс тапты? / Коллаж: kursiv.media, Бильд-редактор: Ахтам Зиперов

«KEGOC» АҚ 2024 жылғы қаңтар-наурызда бойынша 21,412 млрд теңге сомасында шоғырландырылған таза пайда тапты. Бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,6 есеге көп. Осы және компаниядағы өзге де өзгерістер туралы AIX халықаралық биржасы алаңында өткен «Эмитент күні» барысында KEGOC экономика және қаржы жөніндегі басқарушы директоры Айгүл Әкімбаева айтты.

Оның дерегінше, 2024 жылғы бірінші тоқсанда салық салынғанға дейінгі пайда да 1,6 есе өсіп, 26,616 млрд теңгені, жалпы пайда – 1,6 есе, 30,320 млрд теңгені құраған. Ал операциялық пайда – 1,7 есе артып, 27,055 млрд теңгеге жеткен.

Бірінші тоқсандағы қаржылық көрсеткіштер

«Жыл басынан бері «KEGOC» АҚ активтері 2,4%-ға өсіп, 1,026 трлн теңгеге жетті. Меншікті капиталы – 3,1%-ға, 707,131 млрд теңгені, міндеттемелері – 0,9%-ға, 318,872 млрд теңгені құрады. Жарғылық капитал өзгерген жоқ және 148,923 млрд теңгеге тұрақтады», – деді спикер.

Бұл ретте ол 2024 жылдың I тоқсаны бойынша табыс көлемін артқанан атап өтті. Мәселен, негізгі қызметтен түскен кіріс көлемі 85,1 млрд теңгені құраған. Яғни, 2023 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғандағы өсім 40%-ды құрап отыр.

Компания жылына екі рет дивиденд төлейді

Айгүл Әкімбаеваның сөзінше, көрсеткіштердегі оң өзгерістердің  негізгі факторлары – тарифтер мен көрсетілетін қызмет көлемінің өсуі. Сондай-ақ бірыңғай сатып алушы мен теңгерімдеуші нарықтың нақты уақыт режимінде тиімді жұмыс істеуі (2023 жылғы 1 шілдеден бастап енгізілген).

«Компания жылына екі рет дивиденд төлейді. Бұдан бөлек, қолданыстағы дивидендтік саясат есепті кезеңдегі таза табыстың кемінде 60%  дивидендтерді төлеуге бағыттауға мүмкіндік береді», – деп атап өтті қаржы директоры.

2024 жылдың 30 мамыр күні «KEGOC» АҚ 2023 жылдың екінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша жалпы сомасы 21,9 млрд теңгеге дивидендтер төледі. Бұл бір жай акцияға шаққанда 79,50 теңгені құрады. Компания нарықта акцияны алғаш шығарған сәттен бастап, 260 млрд теңге сомасына дивидендтер төледі.

Бұл ретте, SPO (қайталама орналастыру) кейін айналыстағы акциялар санының ұлғаюына қарамастан, 2023 жылғы дивидендтер бір жай акцияға шаққанда 157,24 теңгені құрады. Осылайша, компания акционерлерінің 2023 жыл бойынша кірістері 10,6%-ға жеткен.

Тариф өзгере ме?

Осы орайда БАҚ өкілдері «жүйелік оператор тарифтерді қымбаттатуды жоспарлап отыр ма?» деген сұрақ қойды. Айгүл Әкімбаеваның айтуынша, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі 2021-2026 жылға дейін бір тариф белгілеген.

«2026 жылдан бастап компания келесі тарифтік кезеңге өтеді деген жоспар бар», – деп қысқа қайырды спикер.

Сонымен қатар ол білгіленген тарифтер негізінде 2024 жылға жоспарларымен бөлісті.

«2024 жылдың қорытындысы бойынша табыс 20,7% артып, 304,4 млрд теңгені құрайды. EBITDA көрсеткіші 17,6% өсіп, 127,1 млрд теңгені, ал таза пайда 12% өсіп, 48, 6 млрд теңгені құрайда деп жоспарлануда. Бұл көрсеткіштер белгіленген тариф пен қызметтеріміз көлемінің артуына байланысты есептелді», – деді спикер.

Бұған дейін KEGOC 2023 жыл үшін 41,8 млрд теңге дивиденд төлеу туралы шешім қабылдады. 2023 жылы компанияның таза пайдасы 60%-ға артып, 42,7 млрд теңгені құрады.

Жыл басында акционерлік қоғам электр энергиясының тұтыну бағасын өзгертті.

«KEGOC» АҚ – Қазақстанның бірыңғай энергетикалық жүйесінің жүйелік операторы функцияларын орындайды. 2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 85% үлеспен негізгі акционер «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-ға тиесілі. Тағы 6,87%-ы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры үлесінде.

Сондай-ақ оқыңыз