Су тасқыны кезінде егістік жерлердің су астында қалып қоюына байланысты елде ұн мен бидай тапшылығы болуы мүмкін бе – АШМ жауап берді
Су тасқыны болған өңірлерде маңызы бар ауылшаруашылық нысандары мен егістік және жайылымдық жерлер, бау-бақша алқаптары мен жылыжай кешендері су астында қалған. Өңірлерде тұқым қоймаларын да су басып, 120 мың тонна тұқымдық дақылдар бұзылған. Бұл жайлы «Курсивке» Ауыл шурашылық министрлігі хабарлады.
«Облыс әкімдіктерінің деректері бойынша егіс учаскелерін су басу туралы хабарламалар бар, бұл ретте су алған учаскелер сүрі жер алқаптары есебінен қалпына келтірілетін болады», – делінген министрлік жауабында
Министрлік мәліметінше, Батыс Қазақстан облысында су тасқыны жағдайының нәтижесінде жалпы 4,9 мың гектарға жуық күздік дақылдар алқаптарын және Бәйтерек ауданында «Алтын болашақ» шаруа қожалығының 1 гектар жылыжай кешенін су басқан.
Сонымен бірге Атырау облысында 4 мың гектарға жуық көкөніс, бақша, азықтық дақылдар мен картоп егуге дайындалған жер учаскелер де су астында қалған. Бұл жердің 85 гектарына су баспай тұрып, егін егілген. Ал Махамбет ауданында үш шаруа қожалығының 3 гектар жылыжай кешендері зардап шеккен.
Ал егіннің отаны саналатын Солтүстік Қазақстан облысында 2,7 мың гектар егістік алқапты су басу фактісі анықталған. Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің хабарлауынша, судың кетуіне қарай егіс алқаптарында тиісті жұмыстар атқарыла бастаған. Сонымен бірге Ақтөбе мен Қостанай облыстарында тұқым сақталатын қоймаларды су басқан. Нәтижесінде 120 тонна тұқым бүлінген. Ақтөбеде – 80 тонна, Қостанайда – 40 тонна тұқымды су басқан.
«Бұл ретте «Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы» Ұлттық компаниясында» тұқымға мұқтаж фермерлерді қамтамасыз ету үшін 200 мың тонна көлемінде тұқым қоры қалыптастырылды. Олар 1 қарашаға дейінгі мерзімде әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың кепілдігімен ақшалай қаражатпен қайтару шарттарымен тауарлық несие ретінде тұқым материалын беруге дайын», – делінген министрлік жауабында.
Шаруаларға тұқымдық астық тоннасы 140-145 мың теңге бағамен сатылады.
Сонымен бірге министрлік осы жылғы көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына жеңілдікпен кредит беру үшін 140 млрд теңге мөлшерінде бюджет қаражаты көзделгенін хабарлады.
«Бұл қаражат бағдарлама операторына – «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ға толық көлемде аударылды. Бүгінгі таңда «АНК» АҚ-ға 142,3 млрд теңге сомасына 3 650 өтінім келіп түсті. Сондай-ақ форвардтық сатып алу бағдарламасы жалғасуда, биыл аталған бағдарламаға 40 млрд теңге бөлінді», – деп хабарлайды министрлік.
Бұдан бөлек, Ауыл шаурашылығы министрлігі 400 млрд теңге көлемінде нарықтық қаражат тартуды көздеп отыр. Оның 300 млрд теңгесі «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ желісі бойынша тартылады. Бұл қаражатқа АӨК субъектілері үшін 5%-дан аспайтын жеңілдетілген сыйақы мөлшерлемесімен несие беріледі.
Министрлік су тасқынына байланысты жем-шөп тапшылығы туындамайтынын, ұн бағасы өспейтінін мәлімдеді. Себебі алдыңғы жылы қажетті қор жиналған.
«2023-2024 қысқы мерзімге 25 млн тонна шөп, 1,5 млн тонна пішендеме, 1,9 млн тонна сүрлем, 4,5 млн тонна сабан және 5 млн тонна құнарландырылған жем дайындалды. Дайындалған азық көлемдері қыстау және су тасқыны кезеңдерінде барлық өңірлердің қажеттілігін толығымен қамтамасыз етті. Оған қоса, «Азық-түлік корпорациясы» ҰК» АҚ базасында 200 мың тоннадан аса көлемде жемдік қор бар. Бұл қалыптастырылған жемдік қор су тасқыны, құрғақшылық сияқты болжанбаған жағдайларда арзан бағамен шаруашылықтарға үлестірілетін болады», – деп мәлімдеді министрлік.
Сондай-ақ осы елде 23,8 млн гектарға егіс егілген. Оның 13,3 млн гектарына бидай егістіктері. Ал 2023 жылы – 13,7 млн гектар жерге бидай егілген екен.
«Аталған бидай дақылының егістік алаңдарын ескере отырып, бидай дақылының орташа жылдық өндірісі ішкі нарықтың қажеттіліктеріне, сондай-ақ астықтың белгілі бір көлемін сату және тиісінше біздің дәстүрлі нарықтардағы сауда позициясын сақтау үшін жеткілікті», – деп хабарлайды министрлік.
Ал ұн өндірісіне қатысты министрлік Қазақстанның бұл саладағы әлеуетінің жоғары екенін айтты. 2023 жылы ұн өндірісінің көлемі 3,2 млн тоннаны құраған. Бұл көлем еліміздің ішкі қажеттілігінен артық. Қазақстанның ішкі нарығына жылда 1,3 млн тонна бидай қажет екен. Министрлік хабарлауынша, биылғы жылдың бастамасы да жаман емес. Осы жылдың 3 айында 812 мың тонна ұн өндірілген.
«Ресми статистикалық мәліметке сәйкес ағымдағы жылдың 1 мамырында елімізде 7,8 млн тонна астық бар, оның 5,5 млн тоннасы азықтық бидай. Сонымен қоса ұн тарту кәсіпорындарына қайта өңдеу үшін Ресей Федерациясынан астық жеткізілуде. Осы орайда еліміздің ішкі нарығында ұнмен қамтамасыз ету бойынша жағдай тұрақты»,- деп хабарлады министрлік.