Жаңалықтар

Тоқаев Мысыр компанияларын цифрландыру саласында инвестициялық жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға шақырды

Тоқаев Сұлтан Бейбарыс мешітін күрделі жөндеуден өткізіп, күтіп ұстап отырғаны үшін Мысыр үкіметіне алғысын білдірді / Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Мысыр компанияларын цифрландыру саласында инвестициялық жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға шақырды. Бұл жайлы мемлекет басшысы Мысыр Араб Республикасы парламенті Сенатының төрағасы Әбделуахаб Әбделразеқпен кездесу барысында айтты.

Президент Мысыр елінің өкіліне ілтипат білдіре отырып, оның Қазақстанға жасаған сапары екіжақты парламентаралық байланысты нығайтуға тың серпін беретінін айтқан.

«Біз араб мемлекеттері арасынан, ең алдымен, Мысырмен дипломатиялық қатынас орнаттық. Бүгінде Мысыр – Қазақстанның ислам және араб әлеміндегі басты серіктестерінің бірі. Сындарлы саяси диалог жолға қойылды. Көптеген екіжақты шарт пен келісім жасалды. Осы қарқынды бәсеңдетпей, ынтымақтастықты нығайта түсу үшін бірлесіп жұмыс істеуге дайынбыз. Сауда-экономикалық байланыстар екіжақты қарым-қатынастарымыздың басты негізі болуға тиіс. Бұған қос мемлекеттің әлеуеті толық жетеді, – деді Тоқаев.

Мысыр Сенатының төрағасы Әбделуахаб Әбделразеқ өз елінің Қазақстанмен қарым-қатынасты, соның ішінде парламентаралық байланыстарды одан әрі нығайтуға мүдделі екенін жеткізді.

«Бұл алға қойған мақсаттарымызды тиімді жүзеге асыру үшін жасалған дұрыс қадам деп есептеймін. Мысырлықтардың Қазақстанға деген құрметі мен ықыласы ерекше. Екі елді біріктіретін ортақ дүниелер көп. Жуық арада қос тарапқа да тиімді шаралар қабылданатынына сенімдімін», – деді ол.

Кездесу барысында екі ел арасындағы парламенттік дипломатияны дамыту, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты нығайту мәселелері де талқыланды.

Тоқаев Мысыр компанияларын көлік-транзит, туризм, цифрландыру салаларында бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін қарастыруға шақырды.

Сондай-ақ мемлекет басшысы Сұлтан Бейбарыс мешітін күрделі жөндеуден өткізіп, тарихи тұлғаның есімін ел жадында жаңғыртуға зор үлес қосқаны үшін Мысыр үкіметіне ризашылығын білдірді.

Еске сала кетсек, мамыр айыныңі басында Қазақстан мен Мысыр арасындағы рейстер саны аптасына 12-ден 48-ге дейін артатыны хабарланды. Екі жақты келісімге сәйкес елдер арасындағы тасымалдаушылардың саны да артады. Мәселен, қазақстандық тарап қолданыстағы Air Astana және SCAT тасымалдаушыларының қатарына Fly Aystan әуе компаниясы да қосылған. Бұдан былай осы компания да екі ел арасында тұрақты рейстерді орындайтын болады. Ал Мысыр  тарапынан екі ел арасында қатынайтын EgyptAir, EgyprAirCargo және Air Cairo тасымалдаушыларының қатарына RedSea және Nile Air әуе компаниялары қосылды.