Оқу-ағарту министрлігі алдағы оқу жылының басталу және аяқталу мерзімін бекітті
Оқу-ағарту министрлігі орта білім беру ұйымдарында 2024-2025 оқу жылының басталу және аяқталу мерзімдерін бекітті. Бұл жайлы «Ашық НҚА» порталында жарияланған министрліктің бұйрығында жазылған.
Құжатта орта білім беру ұйымдарында 2024-2025 оқу жылының басталу және аяқталу мерзімдері, сондай-ақ білім алушыларды қорытынды аттестаттаудан өткізу мерзімдері айқындалатыны жазылған.
Оған сәйкес, алдағы оқу жылы 2024 жылғы 1 қыркүйектен – 2025 жылғы 25 мамырға дейін жалғасады.
Бірінші тоқсанда оқу 8 аптаға созылады. Бірінші тоқсанның күзгі демалысына 7 күн беріледі. Оқушылар 2024 жылғы 28 қазаннан бастап 3 қараша аралығында демалады.
Екінші тоқсанда да оқушылар 8 апта оқиды. Қысқы демалыс 2024 жылғы 30 желтоқсаннан бастап 2025 жылғы 8 қаңтарға дейін 10 күнге созылады.
Үшінші тоқсанда оқушылар он апта оқып, 11 күн демалады. Демалыс 2025 жылғы 21-31 наурыз күндеріне беріледі. Айта кетейік үшінші тоқсанда 1-сынып оқушыларына қосымша демалыс қарастырылған. Олар 2025 жылғы 3-9 ақпан аралығында демалады.
Төртінші тоқсанда 8 оқу аптасы бар. Бұл тоқсан 25 мамырда аяқталады.
Ал мемлекеттік аттестациялау мерзімі келесідей:
- 9 (10)-сынып оқушылары үшін қорытынды бітіру емтихандары – 2025 жылғы 29 мамырдан бастап 9 маусым аралығында;
- 11 (12)-сынып оқушылары үшін мемлекеттік бітіру емтихандары – 2025 жылғы 30 мамырдан бастап 12 маусым аралығында өтеді.
Бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.