Мемлекеттік құпияларды жария еткен: Қаржы мониторингі агенттігінің қызметкері 5 жылға сотталды
Шымкент қаласында мемлекеттік құпияларды жария еткен Қаржы мониторингі агенттігінің қызметкеріне қатысты сот үкімі шықты. Бұл жайлы Бас көлік прокуратурасы хабарлады.
«Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының үкімімен ҚР ҚК-нің 185-бабының 3-бөлігі – мемлекеттік құпияларды заңсыз жария ету бойынша азамат К. 5 жылға бас бостандығынан айырылды»,- делінге прокуратура хабарламасында.
Прокуратура хабарлауынша, ҚМА қызметкері құпия ақпараттарды бір жыл бойы үшінші тұлғаларға жариялап отырған. Бұл қылмыс мемлекеттің қауіпсіздігіне қатер төндіретін ең ауыр қылмыстардың бірі ретінде сараланады.
Үкім заңды күшіне енген.
Осы орайда айта кетсек, Қазақстанда мемлекеттік құпиялар мен олардың көздерін шет мемлекеттерге және халықаралық ұйымдарға беру қағидалары бекітілді. Мемлекеттік құпияларды беру Қазақстан Республикасы мен шет мемлекет немесе халықаралық ұйым арасындағы халықаралық шарттарды орындау мақсатында жүзеге асырылады.
Мемлекеттік құпияларды шетелге беру үшін халықаралық шарттар жасасу қажет. Оларда міндетті түрде келесі жағдайлар ескерілуге тиіс.
- Қазақстан Республикасының және шет мемлекеттің және халықаралық ұйымның мемлекеттік құпияларды қабылдауды, сақтауды және пайдалануды жүзеге асыруға уәкілетті құзыретті органдары, оларда мемлекеттік құпиялар пайдаланылатын жұмыстарды жүргізуге құқығы болуы керек;
- Қазақстан Республикасында және шет мемлекетте және халықаралық ұйымда берілетін мемлекеттік құпиялардың құпиялылық белгілерін (дәрежелерін) салыстыру, берілген мемлекеттік құпиялардың құпиялылық белгісін өзгерту немесе алып тастау тәртібі бекітіледі;
- қабылдаушы тараптың құзыретті органдарының берілген мемлекеттік құпияларды салыстыруға болатын құпиялылық белгілерімен белгілеу жөніндегі, сондай-ақ оларды аудару, көшіру немесе көбейту кезіндегі талаптар сақталуы керек;
Сонымен бірге берілетін мемлекеттік құпиялар қабылдаушы тараптың заңнамасына
сәйкес қорғалуы керек және берілетін мемлекеттік құпияларды берген тараптың алдын ала жазбаша елісімінсіз үшінші тарапқа таратпау туралы міндеттемелер сақталуы тиіс.